ДИКТОР: Атбасар қаласында өзге этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді меңгеріп, басқаларға үлгі болып жүрген жандар аз емес. Аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Ширин Сүйінов солардың қатарында. Тілге құрметім – елге деген құрметім деп біледі. Тәртіп сақшымен кездесіп келген тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.

РКС: Ширин Сүйінов Атбасар қаласында дүниеге келген. Жастайынан орысша оқыса да, қазақ тілін еркін меңгеруге еш кедергі болмаған. Мектепте оқып жүрген кезінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен олимпиадаларға жиі қатысып, жүлделі орындарды еншілеген.

СНХ: ШИРИН СҮЙІНОВ, АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ ТЕРГЕУ БӨЛІМШЕСІНІҢ ТЕРГЕУШІСІ: Қазақ тілін үйренуде қатты қиын болған жоқ, өйткені достарым да қазақ болды, анам қазақ. Оқу бітіргеннен соң Шоқан Уәлиханов атындағы университетке түстім. Сол жақта оқыдым. Оқу бітіргеннен кейін Атбасар ауданының полиция бөліміне қызметке келдім. Тергеуші лауазымында 2023 жылдан бастап қызмет атқарып жүрмін. Жұмыс, әрине, оңай деп айта алмаймын. Өйткені үлкен міндетіміз бар. Жастарға айтарым, тілді меңгеріп, оқып, Қазақстанның адал азаматы болсын.

РКС: Қазақ тілін жетік білгенім өмірде де, қызметімде де зор қолдау,-дейді кейіпкер. Жұмыс барысында қылмыстық істерді, тергеу жұмысын екі тілде еркін жүргізе алады. Шириннің әріптестері қиын істерге қатысты тергеуді қазақша жүргізу қабілетін жоғары бағалайды.

СНХ: ҒАЛИЯ БУРУМБАЕВА, АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ: Алғашқы келген кезде 3 ай көші-қон тобында жұмыс істеді. Сосын тергеу бөлімшесіне ауыстырып алды, өйткені білікті маман. Келген қызметкерлерді мемлекеттік тілді білу деңгейін қарастырып, тексереміз. Тергеу бөлімшесінде жұмыс барысында тергеу іс-қимылдарын қазақша, орысша жүргізеді. Ол үшін өте оңай деп ойлаймын. Арамызда абыройлы, қызметкерлердің арасында тез тіл табыса кетеді.

РКС: Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып жүрген өзге этнос өкілдері қазір өте көп. Мұндай азаматтар өскелең ұрпақ үшін үлгі екені сөзсіз.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ДАМИР САДЫҚОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.