ДИКТОР: Облыстық жастар ресурстық орталығы Гранитныйда 5510 әскери бөлімінің сарбаздарына арналған зияткерлік ойын ұйымдастырды. Шараға 60-тан астам әскери қызметші қатысты. Айта кетейік, сарбаздар аталған елдімекенде орналасқан ЕЦ 166/25-ші жалпы режимдегі колонияны күзетеді.
РКС: Ойын бес кезеңнен тұрды. Сарбаздар тарих, музыка, өмірбаяндар және құпия тур сайысында бақ сынасты. Зияткерлік қабілет – әскери дайындықтың ажырамас бөлігі. Бүгінгі Отан қорғаушы терең білімімен, стратегиялық ойлауымен және талдау жасау шеберлігімен ерекшеленуі тиіс.
СНХ: ДИДАР ХАМЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Бұл шара біз үшін дәстүрге айналған. Жыл сайын 7 мамыр — Отан қорғаушы күні қарсаңында сарбаздарды арнайы құттықтап келеміз. Олардың рухын көтеріп, ой-өрісін дамыту мақсатында түрлі зияткерлік сайыстар ұйымдастырамыз. Басты мақсатымыз — сарбаздардың бірлігін нығайтып, интеллектуалдық қабілеттерін шыңдау.
РКС: Мұндай шаралар дәстүрге айналған. Мәдени іс-шаралар әскери қызметшілердің рухын көтеріп қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына да ықпал етеді.
СНХ: СҰЛТАНҒАЗЫ ТАЛҒАТОВ, №5510 БӨЛІМІ РОТА КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Көкшетаудағы түрлі жастар ұйымдарымен тығыз байланыс орнатқанбыз. Гранитный кентінде орналасқанымызбен, бір-бірімізді үнемі іс-шараларға шақырып тұрамыз. Қажет болған жағдайда қолдау көрсетіп, өзіміз де көмек сұрағандарға жәрдемдесуге дайынбыз.
РКС: Жетістікке жетуде команда бірлігі маңызды. Күш біріктірген сарбаздар барлық тапсырмаларды сәтті орындап шықты. Қазіргі заманғы әскердегі қызмет – тек жарғы мен саптық дайындық емес. Бұл ең алдымен білім, мәдениетке деген құрмет. Сонымен бірге жан-жақты даму мен зияткерлік тұрғыдан да алдыңғы қатарда болуға ұмтылыс.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ