ДИКТОР: Қазақстанда жыл басынан бері жалпы ішкі өнім 6 процентке өсті. Экономиканың негізгі салаларында, әсіресе көлікте, саудада даму қарқынының артқаны байқалады. Сонымен қатар өсім ауыл шаруашылығы мен байланыс салаларында да тіркелді. Көлік саласындағы өсім темір жол және құбыр көлігімен жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтер көлемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Құрылыс саласында нақты көлем индексі 16,2 процентке жетті.
Сауда саласында тұрақты өсім байқалады. Көтерме және бөлшек сауда біршама артқан. Бірқатар өңірлер жоғары қарқын көрсетуде. Ақмола облысы астық, тұқым және мал азығы сататын кәсіпорындар есебінен 44 процент өсімге қол жеткізіп отыр. Түркістан облысы жеміс-жидек, көкөніс, фармацевтикалық өнім сататын кәсіпорындар есебінен, ал Шымкент қаласы дизель отыны, фармацевтикалық өнімдер, қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарын сататын кәсіпорындар есебінен көш бастап тұр.
Өнеркәсіп саласында өндіріс индексі 6,4 процентке тең. Ауыл шаруашылығы саласы оң динамика көрсетуде. Қаңтар–сәуір айларында жалпы өнім индексі 3,9 процентке жетті. Үкімет елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмаларын сапалы орындауды бақылауда ұстап отыр.