ДИКТОР: Кеңес Одағының Батыры, жазушы, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, КСРО Педагогика ғылымдарының академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығына орай «Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапханасы батыр атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясында «Жеңіс туын желбіреткен жерлесіміз» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен өнегесі арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, білімқұмарлыққа, намысшылдыққа, адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталған шараға тілшіміз де қатысып қайтты.

РКС: Шараға Көкше өңіріне танымал өлкетанушылар, шежірешілер мен тарихшылар, әдебиетшілер қатысты. Сондай-ақ батыр атындағы Азаматтық қорғау академиясы мен музей қызметкерлері де атсалысты. Мәліктей қазақ ұлының ерлігі мен өмір жолы, өнегесі ұрпақ тәрбиесінде ерекше орны бар екенін атап өтті жиынға қатысқандар.

СНХ: АМАНАЙ СЕЙІТҚАСЫМОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Мәлік бабамыздың өмірі кімге болса да үлгі, өнеге. Өйткені сонау 32-33 жылдары аштық болған кезде бір үйдегі 9 баладан Мәлік ғана қалған ғой. Барлық отбасы түгел осы ашаршылықтың құрбаны болып кеткенде,ол өз күшімен мынау Көкшетау қаласындағы қара шаңырақ та оқып,кейін Алматы қаласындағы пединститутта,одан 2 жыл Ферғанада әскери қызметте болып соғыс басталғаннан 2 аптадан кейін өз еркімен майданға аттанып, сонда Мәлік Ғабдуллин кезіндегі 316 Панфилов дивизиясында одан кейін 8-ші гвардиялық дивизияда саяси жетекші болып одан майдан полктың саяси басқарманың белді қызметкері болып, қызмет етіп,батыр атағын алғаны әрине біз үшін мақтаныш. Біз бала кезімізден сол Мәлік Ғабдуллиннің «Сұрапыл жылдар», «Менің майдандас достарым» деген сияқты батырлық үлгідегі кітаптарымен өстік.

РКС: Мәлік Ғабдуллин музейі адамгершілік қасиеттерімен халықтың жүрегінен орын алған кемеңгер тұлға Мәлік Ғабдуллинге арналған «Ғажайып өмір баспалдақтары» атты жылжымалы көрме ұйымдастырыпты. Ал кітапхана қызметкерлері «Тұғыры биік тұлға» тақырыбын арқау еткен кітап көрмесімен таныстырды. Мәлік мұрасын дәріптеу болашақ жастарға патриоттық тәрбие беруде ролі ерекше екені сөзсіз.

СНХ: БІРЖАН БАЙМАҒАНБЕТ, МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығымен таныстырып,оның ерлігін насихаттап , балаларды патроиоттық тұрғыда тәрбиелеу мақсатында өтіп жатқан бұл іс-шара. Өте маңызды деп ойлаймын. Мәлік Ғабдуллин атындағы мектепте ғана емес, бүкіл Қазақстандағы орта мектептерде Мәлік Ғабдуллиннің ерлігі, өмірі, батырлығы насихатталуы керек деп ойлаймын. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай «Мәлікті тану ол үшін емес, ұрпақ үшін керек. Оның өмірі жастарымызға патриоттық-интернационалдық тәрбие берудің өзінше бір мектебі.»

РКС: Шара барысында қатысушыларға Мәлік Ғабдуллиннің соғыс жылдарында Мәскеуді қорғау жолындағы таңғажайып батырлық, қаһармандық қайраткерлік істерімен қатар ұлттық әдебиеттану, фольклортану, педагогика ғылымдарын дамытуға қосқан зор үлесі, шығармашылық өмірбаяны жайлы жарқын естеліктер ұсынылды. Айта кетейік, республика бойынша батырдың атында 9-мектеп бар. Олар өзара қатынасты нығайту,батырдың ерлігі, білім мен ғылымға сіңірген еңбегін дәріптеу мақсатында «Жас Ғабдуллиншілер» мектебі ретінде бірлескен жұмысын жалғастыруда.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ,МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ