ДИКТОР: Көкшетауда «Жасөспірім» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы белсенді жүзеге асырылуда. Полиция қызметкерлері түнгі уақытта есепте тұрған кәмелетке жасы толмаған балалар мен тұрмысы нашар отбасылардың үйлеріне барады.

РКС: Рейд барысында полиция қызметкерлері қалалық саябақты, Қопа көлінің жағалауын, орталық базарды, вокзал маңын, сауда үйлерін, түнгі көңіл көтеретін орындар мен компьютерлік клубтарды тексеруде. Оның қорытындысы бойынша сағат түнгі он бірден кейін ересектердің қадағалауынсыз жүрген 100-ге жуық кәмелетке жасы толмаған бала полиция бөлімшесіне жеткізілді.

СНХ: ҚУАТ ҚАЖЫМОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ: Кәмелетке жасы толмағандардың 5 заңды өкіліне ұсақ бұзақылық жасағаны және 15 ата-ана ата-аналық міндетін орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Шара барысында 21 жасқа толмағандарға темекі өнімдерін сатқан 2 дүкен анықталды.

РКС: Кәмелетке жасы толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу, конституциялық құқықтарын қорғау және балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру - жедел профилактикалық іс-шараның басты мақсатының бірі. Сондықтан осы аралықта полицейлер білім ошақтарында оқушылар арасында бұл жұмысты күшейтуде. «Арна» жоғары колледжінде 1 және 2 курс студенттеріне дәріс ұйымдастырылды. Жасөспірімдерге әлдебір құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы түсіндіріліп, көшеде және қоғамдық орындарда мінез-құлық ережелерін сақтауға қатаң кеңес берілді. Сондай-ақ олар кәмелетке жасы толмағандардың түнде ересектерсіз үйден тыс жерде жүруіне тыйым салынғанын еске салды.

СНХ: ЕЛИЗАВЕТА КИСЕЛЁВА, «АРНА» ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Дәріс өте қызықты өтті. Өзім үшін көп ақпарат алдым. Мектептегі кездерім есіме түсті, ол уақытта да бізге көптеген пайдалы ақпаратты түсіндіріп отыратын.

РКС: Облыста «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы сәуірдің 10-ы мен мамырдың 6-сы аралығында өтеді. Ішкі істер министрлігі биылғы жылды «Құқық бұзушылықтың алдын алу жылы» деп жариялады. Сондықтан бұл жұмыстар әлі де жалғаса бермек.

ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ