ДИКТОР: Бурабайдағы республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру кешені еліміздің әр өңірінен келген 50-ден астам дарынды жас педагогтың басын қосты. Олар республикалық байқауда кәсіби машықтарын ғана көрсетіп қоймай, нағыз ұстаздың қандай болатынын іспен дәлелдеді.

РКС: Байқаудың бағдарламасына шеберлік сағаттары, авторлық әдістемелердің таныстырылымы, тренингтер мен педагогикалық батлдар да енгізілген. Аталған шара білім беру саласында көшбасшы болуға лайықты дарынды, креативті және өршіл ұстаздарды анықтауға бағытталған.

СНХ: ШОҚАН ОРАЗАЛИН, «БАЛДӘУРЕН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Бүгін біз «Жаңа мектеп-заманауи ұстаз» атты байқаудың қорытындысын шығарып жатырмыз. Жыл сайын оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен өткізіліп келеді. Еліміздің әр өңірінен 51 жаңашыл ұстаз келді. Олар өз аймағында ұйымдастырылған байқауда оза шыққандар. Ең дарынды ұстаздар жиылып отыр. 5 жылға дейінгі еңбек өтілі бар жас ұстаздар. Бірақ, жастығына қарамай, олар педагогикалық жолда биік белесті бағындырғандар. Әдістемелік жобалары, кітаптары бар жас мамандар. Республикалық қана емес, тіпті халықаралық деңгейде жетістікке жетіп үлгергендер.

РКС: Шығыс Қазақстан облысынан келген Ботагөз Серікова байқаудың барлық кезеңінен сүрінбей өтіп, өзінің көшбасшылық қасиетін көрсете білді. Сонымен бірге оқытудағы креативті тәсілдерімен бөлісіп, жоғары кәсібилігімен ерекшеленді. Қазылар алқасы оның авторлық әдістемесін және оқушыларды ынталандырудағы білгірлігін жоғары бағалады. Қазақстандық ұстаздардың жаңа буынының жарқын өкілі деп атап өтті.

СНХ: БОТАГӨЗ СЕРІКОВА, ГРАН-ПРИ ИЕГЕРІ: Мен Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылы Қыдырбек Билялов атындағы мектеп-лицейінің ағылшын пәні мұғалімімін. Жаңа мектепке-жаңа мұғалім байқауына қатысып, бас жүлдені иеленіп отырмын. Жас ұстаздарға үнемі кәсіби жолда даму мақсатында түрлі сайыстарға қатысу кеңес беремін. Өзімнің мақсатым- шәкірттерімнің бойындағы талантын ұштап, көзіндегі оттарын сөндіріп алмай мықты ұлт тәрбилеу.

РКС: Шараның салтанатты бөлігінен кейін қатысушылар «Балдәурен» орталығының аумағына ағаш көшеттерін отырғызды. Осылайша олар байқауға қатысқандарын дәлелдегендей болды. Отырғызылған ағаш сияқты ұстаз да шәкіртіне білім нәрін сіңіріп, болашақ ұрпақты тәрбиелейді.

ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ