ДИКТОР: Жарқайың ауданында аса қауіпті зиянкестер, оның ішінде шегірткелерге қарсы қорғану шараларына дайындық мәселелері бойынша облыстық жедел штабтың отырысы өтті. Шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Қостанай облысынан келген мамандар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы басқармаларының, аумақтық инспекция басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

РКС: Жиынның алдында химиялық өңдеу маусымында қолданылатын техника мен жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушыларға ауыл шаруашылығы алқаптарын өңдеуге арналған арнайы бүріккіштер, зиянкестердің ошақтарын бақылауға арналған автокөліктер, сондай-ақ кең аумақты тиімді зерттеуге мүмкіндік беретін ұшқышсыз авиациялық жүйелер таныстырылды. Сондай-ақ, жедел әрекет етудің қажеттілігін растайтын шегіртке зиянкестерінің ұяшығы бар топырақ үлгілері көрсетілді.

СНХ: ЖАНБОЛАТ БАЙМАҒАМБЕТОВ, «ФИТОСАНИТАРИЯ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Биыл республикалық бюджет есебінен Қытайда өндірілген EVision J100 үлгісіндегі 46 дрон сатып алынды. Осы жылы шегірткеге қарсы тәжірибелік өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу бойынша ақылы қызметтер де көрсетілмек. Атап айтқанда, инсектицидтік, фунгицидтік және гербицидтік өңдеулер көрсетіледі.

РКС: Бұдан соң штаб отырысында өңіраралық өзара іс-қимыл, зиянкестерге қарсы күрес шараларының жоспары мен фитосанитариялық қауіпсіздік саласына заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Биыл республикалық бюджет қаражаты есебінен итальян шегірткесіне қарсы 89 мың гектарға жуық аумақта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілмек. Оның 63,7 мың гектары Жарқайың ауданының аумағында қамтылмақ. Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан химиялық өңдеу жұмыстары кезінде барлық қызметтің үйлесімді, уақытылы әрі сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды.

 ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ