ДИКТОР: Жігітке жеті өнер де аз. Алғаш рет Көкшетауда ер мұғалімдердің қатысуымен «Көкше серілері» атты қалалық байқау өтті. Оған қала мектептерінің білекті де, жүректі, сәні мен салтанаты жарасқан кілең сен тұр, мен атайын жігіттері шықты. Сайыста 26 жігіт өнер көрсетті. Тілшіміз Нұрсәуле Мұратқызы баяндайды.
РКС:. Ұлттық құндылықтарды насихаттау, жігіттерді батырлыққа, шешендікке, тапқырлыққа тәрбиелеуді көздеген сайыста қатысушылар 4 кезең бойынша бақ сынасты . Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттердің сайыпқырандылығы сайысқа түскен шарада қатысушылар көрерменге таңдай қақтырып, еріксіз ризашылық сезімге бөледі.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: НҰРТАЙ УӘЙІС, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ: Бұл байқау талантты жастар, ең дарынды деген ұстаздардың үлкен байқауы. Үлкен шайқас деп те айтуға болады. Енді осы байқауда өзіме тек сәттілік тілеймін! Ең мықты, ең дарынды, ең кәсіби өзінің маманы жеңіске жетеді деген ойдамын.Тек сәттілік болғай.
РКС: Жігіттер өздерін түрлі бағытта таныстырумен қатар, монолог оқу, ән айту, аспапта ойнау сынды өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, қамшы өру, оның ішінде төрттік өрім өруден жарысқа түссе, соңғы бөлімде өз қолымен жасаған өнер туындысының жасалу жолымен қатар, қолдану тәсілін де қазылар алқасына түсіндіру қажет болды.
СНХ: МАНАС ҚАРЖАС, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ: Бүгін мен 9-мектептің намысын қорғап келіп тұрмын. Көптеген мектептердің намысын қорғап келген «Көкше серілері» байқауына жақсы дайындықпен келдік. Алдағы уақытта осындай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылса жақсы болады.Жалпы қатысушыларға сәттілік,бізге жеңіс
СНХ: ҰЛАН ҚАЙЫРЖАН, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ: Бүгінгі мынау Абылай ханның ордасын тіккен, баһадүр Кенесары ханның ізі қалған солардың бірі болып бүгінгі Көкшетау төріндегі серілер байқауына қатысып отырған мен үшін ерекше мақтаныш, ерекше қуаныш сыйлайды. Елдің амандығынан артық ештеңе жоқ. Тәуелсіз қазақ елінің көк байрағы асқақ, әнұраны айбарлы сезімдерге жетелей берсін деп. Бүгінгі байқауда ең үздік таланттардың тұсауы кесіліп, жүзден жүйрік озғандардың мерейі үстем болсын.
РКС: Аталған байқауда өзгелерден оқ бойы озық шыққан серілер анықталды. №7 мектептің мұғалімі Нұрлан Есенбеков бас жүлдеге ие болса, Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлан Кайыржанов 1-орынды еншіледі. №8 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арман Әлібеков пен №17 мектеп-гимназиясының мұғалімі Бахтияр Төлеубай күміс жүлдегер атанды. Ал 3-ші орынға үш мектептің өкілі лайықты деп танылды. №9 орта мектебінің тәлімгері Манас Қаржас, М.Ғабдуллин атындағы көпсалалы мектеп-гимназиясының мұғалімі Сұлтан Қабдуәлі мен №14 орта мектебінің мұғалімі Болат Жамантайлар өзара бөлісті. Өзге қатысушылар да түрлі номинацияларда үздіктер қатарынан көрініп, арнайы сертификаттарға ие болды. Айта кетейік шара соңында «Ақмола облысының Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Закирьянов Красный Ярдағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясы көркем еңбек пәнінің мұғалімі Тілеубек Дөтейге «Әкелер одағы» филиалының төсбелгісін табыстады.
ИНТЕРШУМ:
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ,АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ