ДИКТОР: Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласында соғыс кезінде партизандардың жасағында жүріп, жауға қарсы ерлік көрсеткен майдангер тұрады.

РКС: Беларусь елінің тумасы Йосиф Комин соғыс басталғанда небәрі 14 жаста болған. Шарковетск ауданының Бильдюги ауылын немістер басып алып, жасөспірімдерді Германияға жөнелтпек болғанда, ол досымен шұңқыр қазып, қашып үлгереді. Немістердің көзіне түспес үшін анасымен орманға кетіп, партизандарға қосылған. Бірнеше маңызды тапсырмаларды орындап, батыр бала атандым,- дейді. Майданға 17 жасында аттанған Йосиф Комин қанды қырғынның ортасына түсіп, сапер болады. Майданда алдыңғы шепте жүріп, соғысады. Жанқиярлық ерлігі үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен, маршал Жуковтың медалімен марапатталған.

СНХ: ЙОСИФ КОМИН, СОҒЫС АРДАГЕРІ: Партизандар мені жау басып алған ауылдарға тыңшы ретінде жіберетін еді. Бала болғасын олардың көзі түсе қоймайды деп ойлаған болар. Жүрек жұтқан ерлік көрсетіппіз ғой. Өте ауыр кезең еді. Кәмелетке толар толмастан әскерге кеттім. Саперлік дайындықтан соң қанды майданда жауға қарсы соғыстым. Менің көргенімді бүгінгі ұрпақ көрмесе екен деймін. Тілейтінім тек бейбітшілік. Халықтың бірлігі бекем болсын!

РКС: Қазақстанға 1951 жылы комсомолдық жолдамамен келіп, 54-ші жылдары тың және тыңайған жерлерді игеруге қатысқан. Бүгінде 4 баласынан 10 немере 13 шөбере сүйіп отырған майдангердің жалғыз тілегі елдегі бейбітшіліктің бекем болуы.

БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ