ДИКТОР: Қазақстанда мопедтерді тіркеу жалғасуда. Естеріңізге сала кетейік, сәуірдің басынан бері олардың қозғалыс тәсілі механикалық көлік құралдарына теңестірілген. Заңның жаңа нормасына сәйкес мопедтің тізгініне жармаспас бұрын жүргізуші куәлігі мен мемлекеттік номер алу қажет.
РКС: Мопед иелері көлігін полиция органында тіркеуі тиіс. Бұдан бөлек, жыл сайын техникалық байқаудан өткізіп, сақтандыруды да рәсімдеуі қажет. Талап барлық көлік құралына бірдей. Мамандар жаңа норма сәуірдің бесінде күшіне енгенін еске салады. Облыс аумағында 1,5 мыңнан астам мопед жүргізушісі тіркеліп үлгерген. Оларды тіркеу автокөліктермен қатар ұдайы қабылдана береді.
СНХ: АЗАМАТ БАЙҒАЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мопедтерді тіркеу үшін тұрғылықты жері бойынша жеке басын куәландыратын құжаттарымен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну керек. Сонымен бірге көлік құралының техникалық сипаттамасы да болуы шарт. Егер ол жоқ болып жатса, интернет-ресурстан жүктеп алуға болады.
РКС: Мопедпен жүретіндерге көлік құралын басқарудың негізгі тәртіптері қолданылады. Мәселен, ішімдік ішіп алып жүруге, ұялы телефон пайдалануға тыйым салынған. Бұдан бөлек, «Жол қозғалысы туралы» Заң мопед жүргізушілері үшін бірқатар шектеуді қарастырады.
СНХ: АЗАМАТ БАЙҒАЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мопед жүргізушілеріне рульді ұстамай басқаруға тыйым салынған. Автомагистральда жүруге де болмайды. Өйткені олардың жылдамдығы сағатына 40 шақырымнан аспайды. Сондай-ақ мопед жүргізушілері мен жолаушылардың мотошлемі байланған болуы керек. Әкімшілік Кодекске сәйкес тіркелмеген көлік құралын басқарғандарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Егер көлік басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігі жоқ тұлға 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалайды.
РКС: Белгіленген тәртіп бойынша тіркелмеген мопедтер арнайы тұраққа қойылатынын көлік иелері ұмытпағаны абзал.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.