ДИКТОР: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық өсу міндетін жүзеге асыру аясында өңірде кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл бағытта Ақмола облысы агроөнеркәсіп пен индустриялық секторды дамытуға басымдық беріп келеді. Жалпы облыс экономикасы тұрақты дамуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдің қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіші 113 проценттен асып, оң нәтижеге қол жеткізілді.

РКС: Мұндай жоғары көрсеткішке ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласындағы нәтижелі жұмыстардың арқасында мүмкін болды. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі 1,5 есеге дейін өсіп, 920 млрд теңге табыс түсті.

СНХ: ГҮЛНӘР БОЛАТБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 6,5 миллион тоннадан астам астық жиналды. Сондай-ақ өңірде машина жасау және тамақ өнімдерін өндіру салаларындағы өсімнің арқасында өндірілген өнеркәсіп өнімі көлемі 2 трлн теңгеге жетті. Өңір экономикасының басым салаларын дамыту үшін мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетілуде. Өңірдің аграрлық бағытында ауыл шаруашылығы саласына ерекше қолдау бар. «Кең Дала» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және күзгі егін орағын ойдағыдай өткізу үшін былтыр шамамен 600 шаруа 60 млрд теңгеге қаржыландырылды.

РКС: Сондай-ақ, шаруаларға 5%-тік жылдық мөлшерлемемен 7 жылға дейін ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу мүмкіндігі ұсынылып отыр. Бұл бағытта «КазАгроФинанс» акционерлік қоғамы арқылы 200 миллиард теңге бөлінді. Алдағы уақытта агроөнеркәсіптік кешен саласын дамытуға 46,5 миллиард теңгеге 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

СНХ: ГҮЛНӘР БОЛАТБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Өтінімдер қабылдау үстінде. Бүгінде 148 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 4,5 млрд теңгеден астам қаржы берілді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл Аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылуда. «Жеңілдетілген несие» бағдарламасы жеке кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа бизнес жобаларды жүзеге асыруға немесе кеңейтуге бағытталған. Жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ке тең, несие мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін. Қазіргі уақытта 283 өтінім қаралуда, 667 млн теңгеге 72 шағын несие берілді. Жалпы, биыл бұл бағытқа шамамен 2,5 млрд теңге қаражат қарастырылған.

РКС: Туризм саласы да дамып келеді. Былтыр туристік ағын 4 процентке өсті. Өңірде инженерлік және көлік инфрақұрылымын жақсартуға, сондай-ақ туризмді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған 2025-2029 жылдарға арналған курортты аймақты дамытудың Кешенді жоспары бекітілді. Бұдан бөлек, құрылыс саласында да оң нәтиже бар. Құрылыс жұмыстарының көлемі 22,8 процентке артты. 661,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде 6 мыңнан астам адамның баспана мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтары санаты бойынша 14,7 млрд теңгеге 850 пәтер сатып алынды. Өңір экономикасын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі – инвестиция тарту. Бұл бағытта кешенді қолдау көрсететін «Aqmola Invest» инвестициялық орталығы белсенді жұмыс істеуде.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ