ДИКТОР: Өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі - басым міндеттің бірі. Облыс бойынша жылу беру маусымына дайындыққа және оның еш кідіріссіз өтуіне 39,9 млрд. теңге бөлінді. Бұл Үкімет резервінен, республикалық және облыстық бюджет есебінен, сондай-ақ жеке инвестициялардан бөлінген қаражат. Ауыл-аймақтарды сапалы және тұрақты жылумен қамтамасыз ету мақсатында жылу желілеріне жөндеу жүргізіліп, бірқатар жоба жүзеге асырылуда.
РКС: Былтыр өңірде жылу желілерін жөндеу жұмыстарына, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және энергия ресурстарын сатып алуға айрықша назар аударылды. Қазандықтар мен жылу трассаларын, сондай-ақ күл төгетін алаңдарды жөндеуге - 22,6 млрд теңге, инвестициялық жобаларға - 6,7 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Ал 10,6 млрд теңгеге көмір мен мазут сатып алынды. Шаһарымызда 3,7 млрд теңгеге 6 шақырым жылу желісі, аудандық қазандықтар мен күл алаңы жөнделді. Әсіресе, жылу қазандықтары мен желілері әбден тозған аудандарға ерекше көңіл бөлініп келеді.
СНХ: БОТАГӨЗ САБЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: Сондай-ақ, Атбасар қаласында жылу желілері мен қазандықтарды қайта жаңғырту бойынша жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Степногорск жылу электр орталығы - 60-шы жылдары пайдалануға берілген. Сондықтан, оны жаңғырту - өңірдің негізгі жобаларының бірі. Мұнда 5 қазандық пен 5 құбыр жөнделді. №5 қазандықта жөндеу жұмыстары осы жылдың маусым айына дейін жалғаспақ. Құбырлардың 84 проценті тозған.
РКС: Сондай-ақ өңір үшін аса маңызды жобаның бірі – Көкшетауда салынатын жылу-электр орталығының құрылысы. Бұл жоба Ресей Федерациясымен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Қазір «Көкшетау жылу-электр орталығы» серіктестігі құрылды. Барлық техникалық шарттар мен лицензия алынды. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
СНХ: БОТАГӨЗ САБЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: Станцияның құрылысымен қоса, барлық ілеспе инфрақұрылым – жылу желілері, жылу трассалары, су бұру жүйелері мен электр желілері де дамытылмақ. Сондықтан бұл халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектесетін негізгі стратегиялық жобалардың бірі.
РКС: Балкашино және Красный Яр ауылдарында қазандықтар құрылысы мен және қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда. Щучинск және Көкшетау қалаларында жылу желілері салынып, жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстар өңірдегі жүздеген тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды үздіксіз жылумен қамтамасыз етпек.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ