ДИКТОР: Соңғы үш жылда елімізге жалпы құны екі триллион теңгені құрайтын заңсыз активтер қайтарылды. Мұндай көрсеткішті Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында атап өтті.Осы ретте, бұл қаражат өңірлердегі экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталуы маңызды. Ақмола облысында қандай жобалар қолдау тапты, тілші баяндайды.

РКС: Биыл Зеренді ауылында құны 2 млрд теңгеден асатын көпсалалы спорт кешені бой көтереді. Ауылдағы бұқаралық спорт пен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастама мемлекетке қайтарылған заңсыз сатып алынған активтердің арқасында қаржыландырылған. Құрылысқа арнайы мемлекеттік қордан қаражат бөлінді. Аймақ үшін тағы бір маңызды жобаны қаржыландыру да пысықталуда.

СНХ: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Биыл Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталады. Бұл Қазақстанда теңдесі жоқ орталық болмақ. Осы жобаны арнаулы мемлекеттік қордан, яғни заңсыз активтерді қайтару есебінен қаржыландыру керек. Үкіметке осы мәселені пысықтауды тапсырамын. «Қуатты аймақтар – қуатты ел» ұстанымы – менің саяси бағдарымдағы мызғымас қағиданың бірі.

РКС: Бұдан бөлек, облыстың 10 ауылында қайтарылған активтерге жаңа медициналық нысандар салынады. Оған арнаулы мемлекеттік қордан 1 млрд 700 миллион теңге бөлінген. Өңірдің елді мекендерінде 4 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік және 1 медициналық пункт пайда болады. Бұл халықтың ауылдық жерлерде сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Заңсыз алынған қаражатты қайтару тәжірибесі және оларды халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағыттау - "Заң және тәртіп" қағидатын сапалы іске асырудың үлгісі.

СНХ: ДАНИИЛ СПИЛЬНЫЙ - "ЖАҢАРУ" СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біз қазірдің өзінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жобада мемлекеттік сатып алу порталының бақылау, бағаның шарықтап кетуін анықтау және осы деректерді департаментке тапсырамыз. Яғни, біз өз үлесімізді, қосамыз. Сыбайлас жемқорлықпен күресуге көмектесеміз. Жемқорлыққа қарсы ерікті болу, шынымды айтсам, өте батыл қадам. Өйткені біз әлемді жақсы жаққа өзгертеміз. Біз еліміздегі сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоюға көмек көрсетуде аянып қалмаймыз.

РКС: Айта кетейік, өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекетке 500 млрд теңгеге жуық мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтарды. Негізсіз баюдың алдын алу және заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жұмыс сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді.

САНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ