ДИКТОР: Облыс тұрғыны электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы жасалған алаяқтықтың құрбаны болды. Туысы оның атына 11 микрокредит рәсімдеді. Тілшіміз баяндайды.
РКС: Бұланды ауданының полиция бөліміне азаматшадан өзінің жиенін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өтініш келіп түсті. Нағашы апасы жиенінен электрондық цифрлық қолтаңба кілтін жасауды сұраған. Жиен --апасын алдап, оған микрокредиттік ұйымдарда 629 мың теңгеге 11 несие рәсімдеді. Кейін, ол апасының абоненттік құрылғысын пайдаланып, Макинск қаласының банкоматтарында қолма-қол ақша алған. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Мамандар азаматтарға алаяқтардың құрбаны болмау үшін сақтық шараларын ұстануға кеңес береді. Күмәнді әрекеттер байқалса, дереу құзырлы органдарға хабарласу қажет.
СНХ: ЕРМЕК МАНАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Алаяқтардың құрбаны болмас үшін, ең алдымен, интернет желісін пайдаланып, кез-келген мәміле жасау кезінде сақтық шараларын қолданыңыз. Егер банктен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, басқа құқық қорғау органдарынан, ұялы байланыс операторларының өкілдерінен қоңырау түсіп, шоттар мен карталар бойынша күдікті операциялар, алаяқтарды ұстауға көмек көрсету немесе СИМ-картаның қолданылу мерзімін ұзарту туралы хабарласа, тұтқаны бірден қойыңыз. Мұндай жағдайларда банктің сенім телефонына, ұялы байланыс операторының орталығына қайта қоңырау шалыңыз. Күмәнді сілтемелерден өтпеңіз. Егер танысыңыз немесе туысыңыз қарызға ақша сұраса, оған қайта қоңырау шалып, нақтылаңыз. Шоттар мен карталарға қатысты SMS-тен кодты ешкімге айтпаңыз. Егер біреу қоңырау шалып, туысыңыз қиын жағдайға тап болды десе, тұтқаны қойып, туыстарыңызға хабарласыңыз. Ұялы телефондарыңызға белгісіз бағдарламаларды жүктемеңіз. Egov қосымшасы арқылы кредиттерді ресімдеуге тыйым салуды, банктік қарыздарды алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеңіз. Осы қарапайым қадамдарды орындау өзіңізді және интернеттегі деректерді алаяқтардан қорғауға көмектеседі.
РКС: Мамандар жеке деректерді ешкімге бермеуді, верификация жүргізіп жатқан сайттардың ресми әрі қауіпсіз екеніне көз жеткізуді, сондай-ақ несие тарихын жүйелі түрде тексеруге кеңес береді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ