ДИКТОР: Су тасқыныны кезінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары ауыз су сапасына ерекше мән береді. Халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жұқпалы аурулардың алдын алу шараларын жүргізеді. Жедел штаб құрылып, зертханалар да күшейтілген режимде жұмыс істейді.

РКС: Жыл басынан бері орталықтандырылған сумен жабдықтау көздерінен алынған бір жарым мыңға жуық ауыз су сынамасы зерттелді. Нәтижесінде 74 сынамада микробиологиялық, ал 178-інде санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік анықталды. Су тасқыны кезінде ауыз су қатаң бақылауға алынып, қосымша зерттеу жүргізіледі.

СНХ: СӘУЛЕ СӘДУАҚАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 20-шы наурыздан бастап тек Көкшетау қаласы бойынша 27 су сынамасы алынды. Оның ішінде 5 сынама иісі мен дәмі бойынша санитарлық-химиялық талапқа сай емес. Сондай-ақ, Красный яр ауылындағы санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша зерттелген 15 су сынамаларының 7-еуінде бұлыңғырлық, түсі, дәмі бойынша сәйкессіздіктер анықталды. Осы факті бойынша «Көкшетау Су арнасына» қаулы жіберіліп, кәсіпорын тарапынан гиперхлорлау мен профилақтикалық шаралар жүргізілді.

РКС: Ведомство өкілінің айтуынша, Көкшетау қаласы мен Красный яр ауылында екі таза су қоймасы хлорланған. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы «Көкшетау су арнасына» қатысты тексеруді жоспарлап отыр. Ал мамандар су тасқыны кезінде тұрғындарға келесі ұсыныстарды ұстануға кеңес береді.

СНХ: СӘУЛЕ СӘДУАҚАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ауыз су ретінде тек қайнатылған, не бөтелкедегі суды тұтыну керек. Су тасқыны кезінде жертөлелерде азық-түлік сақтауға болмайды. Себебі, кейін олар тұтынуға жарамсыз болады. Сондай-ақ, үй ауласын қоқыстан тазартып, қосымша залалсыздандыру қажет. Осы қарапайым ережелер мен жеке гигиенаны үнемі сақтаған жөн.

РКС: Жұқпалы ауру белгілері байқалған жағдайда, тез арада дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Әзірге өңірде сапасыз ауыз суды тұтынуға байланысты жұқпалы ауру жағдайлары тіркелмеген.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ