ДИКТОР: 1 сәуірде көлікке салынатын салықты төлеудің мерзімі аяқталады. Сондықтан келеңсіз жағдайлардан аулақ болу үшін әрі қосымша шығын жұмсамаудың қамын қазірден бастап ойлау қажет. Салық органдары әр тұрғын өзінің салық міндеттемелерін алдын ала тексеріп алуларын сұрайды.

РКС: Көлікке салынатын салықты жеке тұлғалар төлеуге міндетті. Автокөлік құралдарының иелері оны тұрғылықты жері бойынша төлейді. Қазір облыстың 15 мыңға жуық тұрғынының қарызы бар. 400 миллион теңгеден астам көлік құралына салынатын салық берешегі қордаланып қалған.

СНХ: АЙНҰР ЕЛІКБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап салық сомасын уақытылы төлемеген тұлғаларға өсімпұл есептеліп, жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарламалар жіберілетін болады. 1 айлық есептік көрсеткіштен асатын берешек сомасы үшін хабарламаны жібергеннен кейін 30 жұмыс күні ішінде берешекті өндіріп алуға салық бұйрығы автоматты түрде жасалады және борышкерге жіберіледі. Қарыз өтелмеген жағдайда, салық бұйрығын жеткізгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде мәжбүрлі орындау үшін жеке сот орындаушыларына жіберіледі. Заңға сәйкес сот орындаушылары банк шоттары мен мүлкіне тыйым салуға құқылы. Сондай-ақ, егер қарыз сомасы 40 АЕК тен асса, Қазақстан Республикасынан шығуға тыйым салынады.

РКС: Мамандар көлік құралына салынатын салықты әркім өз бетінше есептей алатынын еске салады. «e-SalyqAzamat» мобильді қосымшасының көмегіне жүгінуге болады. Тек өзіңіздің жеке сәйкестендіру номеріңізді енгізсеңіз жеткілікті. Бұдан бөлек, «SalyqBot» телеграм чатында, мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында немесе 1414 байланыс орталығының номері арқылы да қолжетімді. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін төлемді екінші деңгейлі банктердің қосымшасы арқылы жүзеге асыруға болады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ