ДИКТОР: Ақмола облысында су тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Су деңгейінің көтерілу қаупін сейілтуге жергілікті құтқарушылар ғана емес, еліміздің өзге аймақтарынан да тартылған қосымша күштер атсалысуда.

РКС: Атбасар қаласы су деңгейінің көтерілу қаупі тым жоғары аймақ. Жабай өзенінің деңгейі әлі де көтеріліп жатыр, бұл қауіпті белгінің асып кетуіне әкелуі мүмкін. Жұмыстар су тасқыны қаупі бар учаскелерде, оның ішінде мектептер орналасқан аумақтарда да жүргізілуде. Олардың бірінің айналасына Алматы облысынан көмекке келген 45 әскери қызметші құм салынған қаптардан үйінді салып жатыр.

СНХ: ЖАРЫЛҚАСЫН СӘРСЕНБИН, ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІ: Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы 28237 әсери бөлімінен 45 солдат болып, осы арнайы Атбасарға төтенше жағдайдың алдын алуға келдік. Қазіргі уақытта 1 орта мектепте жұмыс жасап жатырмыз. Біздің міндет – халыққа қызмет.

РКС: Өңірдің аумақтық қорғаныс саласы қатарынан 40-қа жуық адам басқа учаскелердегі жұмыстарға жұмылдырылды. Сондай-ақ, қалада суды қауіпсіз арналарға бұрып жіберу жұмыстары да қатар жүргізілуде.

СНХ: АБЫЛАЙХАН ШӘРІПОВ, АТБАСАР АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: Тұрғын үйлерді су басу қауіпін жою мақсатында еріген суды бұрып жіберу жұмыстары жүргізілуде. Су Сейфуллин бұрма жармаға айдап жіберіледі. Қазіргі уақытта тұрғын үйлер мен басқа да нысандарды су басу фактілері тіркелген жоқ.

РКС: Жақсы ауданында да су тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыстар да қыза түскен. Есіл ауылына Қызылорда облысынан қосымша күш тартылды. 21 құтқарушы мен 4 арнайы техника қаптарды инертті материалдарға толтыруға жұмылдырылды. Сондай-ақ, аула аумақтарынан қар шығару жұмыстары жүргізілуде. Степногорск қаласы маңындағы Изобильное ауылының айналасында, сондай-ақ Сілеті өзенінің тағы 5 учаскесінде қауіпсіз су жіберу және мұз кептелісінің алдын алу үшін екі күндік мұзды жару жұмыстары жүргізілді. Ол үшін 200 келіден астам жарылғыш зат қолданылды.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕН, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.