ДИКТОР: Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV-ші отырысында қоғамды толғандыратын бірқатар түйткілді мәселе қаралды. Оның ішінде өзекті мәселенің бірі - кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің, оның ішінде Ақмола облысының табиғи байлығын сақтау және туристік әлеуетті дамыту мәселесіне жеке тоқталды.
РКС: Бурабай курортты аймағының болашағы зор, ол халықаралық атаққа ие болды,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Курортты аймақты дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін 140 миллиард теңгеге жуық қаржы бағытталмақ. Осы ретте инфрақұрылымды дамытумен қатар, экологиялық талаптардың да қатаң сақталуы маңызды. Облыстың бірегей табиғи-климаттық жағдайы - оның табиғи артықшылығы болып табылады,- деді Мемлекет басшысы. Сондықтан басқа да перспективалы рекреациялық бағыттарды жүйелі түрде дамыту қажет.
СНХ: ЕРБОЛ САҒДИЕВ, «КӨКШЕТАУ» МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Туристік қызмет бойынша, жақында өткен құрылтайда мемлекет басшысы курорттық аймақтарды дамытуға ерекше тоқталып өтті. Бұл біздің Зеренді, Сандықтау өңірі бойынша. Биыл да осы бағытты назарда ұстаймыз. Біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істейміз. Заңнамалық база бар. Жер телімдерін бөліп, бере алмаймыз. Сондықтан әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істейміз. Мысалы, Зеренді ауданы бойынша Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және шаңғы-роллер трассасының құрылысы бойынша, қазір осы бағытта жұмыс атқарылуда. Өйткені туризм, әсіресе ішкі туризмге жыл сайын сұраныс артып келеді.
РКС: Президент өңірде жүзеге асырылатын бірқатар бастамаларға тоқталды. Биыл Көкшетауда Қазақстанда баламасы жоқ көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталады. Қосшы қаласында халықаралық үлгідегі колледждің ашылуы жоспарланып тұр. Мұндай білім беру ұйымдары жастар үшін мүмкіндіктерді кеңейтіп, сұранысқа ие жұмысшы кәсіптерін меңгеру таптырмас мүмкіндік. Ақмола облысы кәсіптік білім беру жүйесін белсенді дамытуды жалғастыруда.
СНХ: ЕРЛАН БЕГАЙДАРОВ, КӨКШЕТАУ ҚҰРЫЛЫС-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бурабайдағы 4-ші Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы кәсіптік білім беруге көңіл бөлді. Оның негізгісі – жұмысшы мамандарды мемлекеттік тілінде даярлау. Жалпы біз соңғы 3 жыл бойы жылда 1,2,3 топтан мемлекеттік тілде оқытатын топтарын көбейтуге дайынбыз. Ол біздің негізгі мақсатымыз деп де санаймыз. Сол себептен колледжіміз биыл «Серпін-2050» бағдарламасына иеліп, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан жұмысшы мамандықтарға мемлекеттік тілдегі топтарға студенттерді алуға дайынбыз. Оның үстіне, «Жарқын болашақ» бағдарламасы. Оның үстіне, тағы да пилоттық бағдарламаларға қатысуға дайынбыз.
РКС: Айта кетейік, өңірде білікті жұмысшы кадрларды даярлауға баса назар аударылады. Қазір облыстың 29 колледжінде 20 мыңға жуық студент білім алуда. Президенттің Ұлттық құрылтайда кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының алдына қойған міндеттерін оқу орындары орындауға дайын. Жаңа мамандықтарға сұранысты ескере отырып, еңбек нарығындағы жағдайды жақсарту маңызды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ