ДИКТОР: Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Юсуф Мухамбеткалиев бронх демікпесінің алғашқы белгілерін анықтап, оның дамуын болдырмауға мүмкіндік беретін әлемдегі алғашқы құрылғының прототипін ойлап тапты. Өзінің бірегей жобасын ол сәтті жүзеге асырып қана қоймай, республикалық ғылыми байқауда алтын медаль иегері атанды. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Юсуф Мухамбеткалиев Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-шы сынып оқушысы. Оның ойлап тапқан өнертабысы бронх демікпесімен ауыратын адамдардың тыныс алу көрсеткіштерін талдап, сырқат ұстамасының жақындап қалғанын ескертеді. Бұл құрылғыны құрастыру идеясы 8-сыныпта ғылыми жоба тақырыбын таңдау кезінде келген. Өйткені, өзім демікпе сырқатына шалдыққам. Сондықтан, оны тереңірек зерттегім келді,-дейді кейіпкер. Бастапқыда ол демікпемен ауыратын науқастарға арналған датчик жасауды көздеген. Бірақ уақыт өте келе, қызығушылығы артып, толықтырулар енгізіп, толыққанды құрылғы жасап шығаруды шешкен.

 СНХ: ЮСУФ МУХАМБЕТКАЛИЕВ, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ 10-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ: Құрылғы кеуде қуысына бекітіледі, себебі онда капиллярлық жүйе орналасқан. Ол тыныс алу жиілігі мен қандағы оттегінің қанықтылық деңгейін өлшеп, микроконтроллерге деректерді жібереді. Микроконтроллер ақпаратты нақты уақыт режимінде өңдеп, нәтижелерді Telegram-ботқа жібереді. Осылайша, ата-аналар баласының жағдайын бақылап отыра алады. Жұмыс барысында біраз қиындық болды. Бірде сенсорлар, бірде параметрлері сәйкес келмеді. Ғылыми жетекші, программист, медицина мамандарымен кеңесіп, олардың ұсыныстары бойынша жобамды жетілдіріп отырдым. Бұл құрылғы 3D принтер негізінде жасалған. Мен оны ылғалдан қорғайтын арнайы материалмен қаптадым. Сондай-ақ күнделікті өмірде киюге ыңғайлы, гипоаллергенді.

РКС: Айта кетейік, Юсуф өзінің бірегей жобасын ақпанның 18-21 аралығында Ақтөбе қаласында өткен республикалық ғылыми жобалар байқауында қорғап, алтын медаль иегері атанды. Бұл байқауға еліміздің әр түкпірінен 900-ге жуық жас зерттеуші қатысқан.

СНХ: ЖАНАР ШАХМЕТОВА, ҒЫЛЫМИ ЖЕТЕКШІСІ: Юсуф бұл жобаға үлкен жауапкершілікпен қарап, бронх демікпесі бар жандарға көмектескім келеді деген сәтте мен де көптеген баланың өмірін құтқарып қалуға болатын жобаға үлесімді қосып, оған барынша қолдау көрсеткім келді. Жобаны алғаш әзірлеген тұста ғылыми байқауларға қатыстық. Бірақ ол кезде жоба толық зерттелмеген еді. Шикілеу болды. Биыл мамандармен кеңесіп, кері байланыстың арқасында, қателіктермен жұмыс істедік. Толықтырулар енгізіп, жобаны жетілдірдік. Яғни, демікпе ұстамасын анықтауға және ата-ананың ұялы телефонына смс-хабарлама, ақпарат жіберетін бағдарламаны енгіздік.

РКС: Алдағы уақытта жас өнертапқыш науқастарға сынақ жүргізіп, өз зерттеуін жалғастырмақ. Сондай-ақ құрылғыға жасанды интеллект енгізіп, өнертабыс патентін алу ойы да бар.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ