ДИКТОР: Бүгін – көрісу күні. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі енгізіліп, мерекенің жаңа логотипі бекітілді. Онкүндіктің әр күні қазақ халқы мен оның мәдениеті байлығы мен алуан түрлілігін көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылықтарға арналады. «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында бүгін «Көрісу күні – Амал мерекесі» көктем мен жаңа жылдың басталуын және ізгі тілектер мен игіліктер білдіру мақсатында туған-туыстарға, көршілерге, үлкен кісілерге сәлем беретін немесе қонақ күтетін уақытты бейнелейтін Наурыз мейрамын тойлау онкүндігінің бірінші күні.

STAND-UP: ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ТІЛШІ: Бүгін Наурыз мейрамының басы Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те айтады. Халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-қолаңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді. Бүгін Көкшеде де күн ерекше болып, жаңбыр жауып тұр. Көктемнің лебі сезіледі. Ал мен де жақсы жандармен көрісейін! Сәлеметсіз бе, бүгінгі мереке құтты болсын!

РКС: Мәлік Ғабдуллин атындағы № 3 көпсалалы мектеп-гимназиясында өткен керемет шараның куәсі болуға біз де келіп қалдық. Оқушылар көршілес орналасқан 1-ші мектептен арнайы келген әр қонақты жылы жүзбен қарсы алып, ерекше ілтипат білдірді. Ұстаздар мен шәкірттері қол алысып, төс қағысты. Мерекеге орай бір-біріне арнайы дайындап әкелген сйылықтарын да үлестірді. Сонымен қатар, іс-шара барысында арқан тартыс, бұқа тартыс, ләңгі сияқты ұлттық ойындар ойнатылды.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: АЙЖАН ХАСЕНОВА, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Бізде ай сайын үзілісте әртүрлі ойындар өтеді. Ал, Көрісу мерекесінде, ойындар ерекше қызықтырақ өтеді. Негізі бұл мереке бізге өте ұнайды. Біз бір-бірімізге жақсы сөздер айтып, әрдайым бір-бірімізге күліп жүруге тырысамыз.

РКС: Бұл күні қонаққа бару, үлкендерге құрмет көрсету және бір-бірін көктемнің басталуымен құттықтау дәстүрге айналған. Көрісу күні солтүстік өңірде аса қатты тойланбаса да, жыл өткен сайын оның маңызы, мағынасы біздің де санамызға біртіндеп сіңісіп келеді. Өйткені, дәл осы мерекеге орай аймақта түрлі шаралар ұйымдастырылып, жастар арасында кеңінен насихатталуда.

СНХ: АРДАҚ АХМЕДЖАНОВА, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Биылғы жылы Наурыз мерекесі бізде ерекше аталып өтілуде. Наурызнамаға сәйкес біз № 1 мектеппен Көрісу күнін өткізіп отырмыз. Өте әсерлі болды. Мектеп әкімшілігімен 30 оқушы келді. Сол оқушыларға ұлттық ойындарды көрсетіп, ұлттық салт-дәстүрлерді көрсеттік. Және де осы Көрісу күні, Амал күні бір-бірімен достасып, бауырлас болсын деп, көрісіп, ізгі-ниеттерін бөлісуде.

РКС: Бұл мереке туралы ғалымдардың пікірі де әрқилы. Көрісу күнін зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдардың кейбірі бұл күнді географиялық ерекшеліктермен байланыстырса, енді бірі Наурыз мейрамының алғашқы мерекесі деп қабылдайды. Бұл дәстүрдің түп төркінін күнтізбенің ауысуымен байланыстырады.

СНХ:ЕРКІН КИКАРИНОВ, ТАРИХШЫ: Көрісу күнінің тарихы тереңде жатыр. Қазақтар бүл күнді Амал деп те атайды. Деректерге сүйенсек, сонау көне түркі заманынан келе жатыр. Алтын орда, Қазақ хандығы кезінде бұл күнді халық кеңінен тойлаған. Өлкетанушы, зерттеуші Мәшхүр Жүсіп Көпеев жазбаларында ескіше 1 наурыз қазіргі 14 наурызбен сәйкес келеді екен. Қазақтар бұл күнді Наурызнама деп тойлай бастаған. Және 8-9 күн тойлаған. Яғни, ел арасында 10 шақты күн тойлау жалғасқан. Себебі, көшпенді өмір сүрген ата-бабаларымыз кей жылдары қыс қатал болып, содан аман-есен шыққанына көктемді қуана қарсы алған. Себебі, кейбір жылдары жұт болған, мал кәсібінде шығындар болған. Сондықтан да, көктемнің алғашқы күні, жаңару кезеңіне сәйкес келіп, аман-есен бір-бірімен көрісіп, қуанысқан.

ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ