ДИКТОР: Қаладағы қазақ мектептері оқушыларының арасында Көкше өңірінен шыққан қазақ совет математигі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор Мыңбай Ысқақов атындағы математикалық олимпиада өтті. Мұндай деңгейдегі білім сайысы алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
РКС: Көкшетаудағы білім беру ұйымдарындағы интеллектуалды дарынды оқушылардың зерттеу әлеуеті мен зейінін арттыру мақсатында 8 сынып оқушыларына арналған олимпиаданың Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясында өткізілуі де тегіннен-тегін емес. Мыңбай Ысқақов дәл осы білім ошағында ұзақ жыл математика пәнінен сабақ берген. Аталған олимпиадаға әр мектептен 1 оқушыдан қатысып жатыр. 25 оқушы бағын сынауда.
СНХ: АРДАҚ АХМЕДЖАНОВА, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бүгін біз үшін ерекше күн. Бұл олимпиаданың негізі шығу тарихын айта кететін болсақ, былтырғы жылы біздің мектебіміздің қабырғасында Мыңбай Ысқақовтың 100 жылдығына арналған кеш ұйымдастырып едік. Сол кеште балалары осындай ұсыныс тастап еді. Мыңбай Ысқақовтың атына орай олимпиада ұйымдастырсаңыз деп. Соған байланысты біз биылғы жылы алғаш рет 8-сыныптар арасында деп шештік. Негізі математика саласында Мыңбай Ысқақовтың еңбектері өте көп. Ол әлі күнге дейін жоғары білім беру ұйымдарында оқытылып жатыр. Ол кітаптар әлі де өз құнын жоғалтқан жоқ.
РКС: Көкшетаудағы 27 білім ұйымының 21-і олимпиадаға қатысуға ниет білдірген. Олимпиада тапсырмасындағы сұрақ саны- 25. Әр тапсырма деңгейлік негізде құрастырылған. Берілген академиялық 1 сағат ішінде білу деңгейіндегі тапсырмалар үшін 1 ұпайдан алса, түсіну деңгейіндегі тапсырмаларға 2 ұпайдан, ал қолдану деңгейіне 3 ұпай жинау мүмкіндігі бар. Ең жоғары мүмкін ұпай саны-39. Олимпиадаға қатысушы әр оқушы жеңістен үмітті.
СНХ:КӘРИМА ДІЛДЕБАЕВА, №1 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Осы Мыңбай Ысқақов атындағы олимпиадасына бірінші рет қатысып отырмын. Бұл олимпиада 25 сұрақтан тұрады. Осы олимпиададан 39 балдың 39ын жинаймын деген ойдамын. Барлығына сәттілік тілеймін.
СНХ:НАЗЕРКЕ БОСТАНДЫҚ, ЧАЙКИНОДАҒЫ №15 НЕГІЗГІ МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Мен барлығына сәттілік тілеймін. Мен осы Мыңбай Ысқақов атындағы олимпиадаға алғаш рет келіп отырмын. Жеңіске жетемін деген ойдамын.
РКС: Осындай кез келген зияткерлік олимпиада оқушылардың сыни ойлау қабілетін, шығармашылық әлеуетін арттыратыны белгілі. Сонымен қатар, ғылыми зерделеу мен зерттеуге деген қызығушылықтарын оятады. Бұл болашақта кәсіби бағдарды таңдау кезінде де маңызды роль атқарады. Олимпиада қорытындысы бойынша 1-орынды Красный Ярдағы №3 мектептің оқушысы Самир Болат иеленсе, 2-орынды Чайкинодағы 15-ші мектеп оқушысы Назерке Бостандық мен Көкшетаудағы №19 мектептің оқушысы Темірлан Балтабай еншіледі. Ал 3-орынды №13 мектеп-гимназиясының оқушысы Магди Калпенов, №2 мектеп-лицейінің оқушысы Айша Оқас және техникалық мектеп-лицейінің оқушысы Аружан Бахытбекке бұйырды. Айта кетейік, ғалымның қызы Алма Ысқақова олимпиадаға қатысушыларға 150 000 теңге көлемінде демеушілік көрсетті.
ИНТЕРШУМ:
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ