ДИКТОР: 8-ші наурыз халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қыз-келіншектерді құттықтап, көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапаттады. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген нәзік жандылардың бір тобына мемлекеттік награда, Алғыс хаттар табыстады.

РКС: Сөз басында облыс әкімі Марат Ахметжанов барша аруды 8-наурыз мерекесімен құттықтап, өңір дамуына атсалысқан әйел қауымына алғыс білдірді.

СНХ:МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Расында, адамзат өмірінің іргетасы әйелдің қолымен қаланады. Қазақстан әйелдері ел Тәуелсіздігін қалыптастыру мен нығайтуда үлкен рөл атқарды.Бүгінгі таңда сіздер ер адамдармен тең дәрежеде экономиканың әртүрлі салаларында жауапты қызмет істейсіздер.Үлкен ұжымдарды басқарып, бизнеспен айналысасыздар. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күні нығайып, әлем мойындағанмемлекет дәрежесіне жетуіне асыл аналарымыз, ардақты жеңгелеріміз бен апа-қарындастарымыз өлшеусіз үлес қосқаны ақиқат.

РКС: Салтанатты шара барысында аймақ басшысы өңір дамуына үлес қосқан, әр салада еңбек етіп жүрген бір топ нәзік жандыны марапаттады. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт, үй шаруасындағы әйелдер мен білім беру саласының өкілдері бар. Әрқайсысы кәсіби және азаматтық тұрғыда қалыптасқан, жоғары шығармашылық жетістіктерге қол жеткізген, еңбек қызметі мен өмірде табысқа жеткен жандар. Татьяна Сергеева №2 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің шаңғыдан жаттықтырушысы. Бұрымды бапкер облыс және елімізге танымал әлемдік жарыстарда көш бастап жүрген талай шаңғышыны тәрбиелеп шығарды. Еңбек өтілі 40 жылға жуық. Бапкердің көпжылғы еңбегі бағаланып, бүгін Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

СНХ:ТАТЬЯНА СЕРГЕЕВА, «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ: Еңбегімнің бағаланып жатқанына ризамын. Мереке қарсаңында барша әйел қауымының еңбегі бағаланып, оларға жасалып жатқан сый-құрмет жүрекке ерекше қуаныш сыйлады. Көп рахмет! Барша әйел қауымын 8-наурыз мерекесімен құттықтаймын!

РКС: Әйел – отбасының ұйытқысы. Әйгерім Тәпенова 6 баланың анасы. Қосшы қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы. Абыройлы еңбек етумен қатар көпбаланың анасы атану ерлікпен тең. 6 бала тәрбиелеп, өсіргені үшін бүгін ол «Күміс алқа» төлбелгісімен марапатталды.

СНХ: ӘЙГЕРІМ ТӘПЕНОВА, «КҮМІС АЛҚА» ТӨСБЕЛГІСІНІҢ ИЕГЕРІ: Бүгінгі іс-шара өте керемет деңгейде өтті. Өте қуаныштымын, осындай шараға қатысып, осындай құрметке ие болғаныма. Бүгінде 6 бала тәрбиелеп отырмын. Үлкен қызым Айым Ержанова 140 балл иегері, 2024 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл алып, бүкіл Ақмола облысын, қазақ елін қуантты. Қазіргі таңда ол студент. Алматыда оқиды. Халықаралық әйелдер күнімен барша нәзік жанды аналарды, әжелерді құттықтаймын. Тек еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, еліміз өркендей берсін.

РКС: Мерекелік шара эстрада жұлдыздарының қатысуымен концертке ұласты. Арулар алдында виртуоз скрипкашы Марат Бисенғалиев, әнші-сазгер Лұқпан Жолдасов әнші қызы Фаризамен өнер көрсетті.

ИНТЕРШУМ:

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ