ДИКТОР: Қазақстанда бірегей музыкалық тележоба бастау алады. Ол жас дарындардың өзін республикалық деңгейде көрсетуіне жол ашпақ. Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрлігі «Жұлдызды жол-2025» ең ірі байқауының басталатынын хабарлайды. Бұл сахналық өмірге енді ғана қадам басқан вокалистер мен музыканттарға, классикалық және халықтық аспаптарда ойнайтын жастарға таптырмас платформаға айналары сөзсіз. Жоба болашағынан зор үміт күттіретін орындаушыларды қолдауға, еліміздің мәдени мұрасын дамытуға және мәдениаралық диалогты нығайтуға бағытталған. Қатысушылар ды шығармашылық лагерь, үздік педагогтардан шеберлік сағаттары күтіп тұр. Сонымен қатар саз индустриясында биікке көтерілуге жол ашылмақ. Қатысушыларды тіркеу бүгіннен бастап наурыздың 25-іне дейін zhuldyzdy_zhol инстаграм әлеуметтік желісінде жүргізіледі. Өңірлерде кастинг сәуірдің 1-і мен 11-і, ал сәуірдің 26-сы мен мамырдың 16-сы аралығында Алматыда шығармашылық лагерь өтеді. Шілденің алтысында Алматыда финалдық шоу және жеңімпаздар марапатталады. Финалистер жобаның лауреаты дипломын, Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарына оқу гранттарын иеленеді. Сондай-ақ халықаралық оқу орындарына білім беру шәкіртақысын, еліміздің ірі мәдени алаңдарында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.