ДИКТОР: Наурыздың 17-нен бастап жұмысшы мамандықтары өкілдері үшін «Наурыз жұмыскер» жаңа ипотекалық бағдарламасы бастау алмақ. Ол үшін 72 млрд. теңге қаржы көзделген. Екі мыңнан астам жұмысшы мамандықтың өкіліне несие берілмек. Бұл бастама кәсіпорын қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсарту мен еңбек адамының беделін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: «Жұмысшы мамандықтар жылы» жария болысымен үкімет Мемлекет басшысы белгіленген міндеттерді орындау мақсатында жұмысқа кірісті. Техникалық мамандықтарды қолдау мақсатында жүзеге асырылмақ жобаның бірі - жұмысшы мамандықтарын баспанамен қамтамасыз ету. Оның аясында «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы әзірленді. Оған өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларында жұмыс істейтін еңбек адамдары қатыса алады.

СНХ: ГҮЛМИРА МҰҚАНОВА, «ОТБАСЫ БАНКІ» ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МАМАНЫ: Бұл бағдарламаға Қазақстан Республикасының барлық азаматы, сондай-ақ қандас мәртебесі бар азаматтар да қатыса алады. Бағдарлама талаптары бойынша несие мөлшерлемесі азаматтардың әлеуметтік осал топтары үшін 7 процент, қалған азаматтарға 9 процент. Бастапқы жарна таза әрлеудегі тұрғын үйді сатып алу үшін 10 процент. Ал әрленбеген тұрғын үйге белгіленген бастапқы жарна мөлшері 20 процент. Несиелеу мерзімі 19 жылға дейін.

РКС: «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында несие алу үшін құжаттар наурыздың 17-нен бастап қабылданады. Несиенің ең жоғары сомасы Алматы, Астана қалалары үшін 36 млн теңге, қалған аймақтарда 30 млн теңге.

СНХ: ГҮЛМИРА МҰҚАНОВА, «ОТБАСЫ БАНКІ» ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МАМАНЫ: Салымшының шотында кемінде 2 млн.теңге болуы тиіс. Сондай-ақ ол қаржылық талаптар мен тізімде көрсетілген жұмысшы кәсіптерінің санатына сәйкес болуы керек. Несие алу бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін, сондай-ақ бір несие келісім-шарты аясында бастапқы тұрғын үйді сатып алу мен жөндеу жұмыстарына да қарастырылған. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында тек бастапқы тұрғын үй сатып алуға рұқсат етіледі. Қалған өңірлерде екінші нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға рұқсат.

РКС: Құжаттарды қабылдау аталған бағдарламаға бөлінген қаражат толық игерілгенге дейін қабылданады. Егер бағдарлама сұранысқа ие болса, келер жылдары да жалғасын табу мүмкін, - дейді мамандар.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ