ДИКТОР: Былтыр облыс экономикасының негізгі капиталына 562,8 миллиард теңгеге инвестиция тартылды. Көкшетауда облыс әкімінің қатысуымен өңірге инвестиция тарту және ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі кезекті отырыс өтті. Оған мәслихат төрағалары, аудан әкімдері, бизнес өкілдері мен аппараттың жауапты қызметкерлері қатысты.

STAND-UP:ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Жиын барысында инвестиция тартуға қатысты жауапты тұлғалардың атқарылған жұмыстары тыңдалды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Сапар жоспарланған көрсеткіштің орындалмауы ірі жобалар бойынша инвестициялық бағдарламалардың мерзімін өзгертумен байланысты екенін алға тартты. Мерзімі кейінге ауыстырылған жобалардың қатарында Бурабай ауданындағы биогаз зауыты, Зеренді ауданында техникалық алмас концентратын шығаратын фабриканың құрылысы, Аршалы ауданында кірпіш өндірісін кеңейту, Ерейментау ауданында агроөнеркәсіптік кешен құрылысы бар.

СНХ:БАҚЫТЖАН САПАР, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Былтыр облыс экономикасының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 562,8 млрд. теңге. Жеке инвестиция үлесі жалпы көлемнің 60 процентіне жуық. Инвестицияның нақты индекс көлемі бойынша өңірлік кесіндіде 9 өңірде толық орындалмаған. Ең төменгі динамика Зеренді, Ерейментау және Аршалы аудандарында көрініс берді. Өңірде инвестициялар бойынша биылғы жоспар 1 трлн-ға дейін жеткізілмек. Аймақтағы инвестициялық қызметті талдау мақсатында ол жобаларға мониторинг жүргізіліп жатыр. Биыл шағын және орта бизнес саласын қоса алғанда, 2700 жұмыс орнын құра отырып, 279,3 млрд.теңгеге 221 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Одан кейінгі жылдары 2,4 трлн теңгеге 160 жоба жүзеге асырылмақ. Ол кезде 8 мыңға тарта жұмыс орнын құру жоспары белгіленген.

STAND-UP:ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Отырыс барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов жүктелген міндеттің орындалуында салғырттыққа жол берген барлық жауапты сала басшыларын сынға алып, қағаз жүзінде есеп бермей, нақты шешімдерді ұсыну керектігін ескертті. Өңірге инвестиция тартып, халық игілігіне жарату -басты міндет- деді аймақ басшысы.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрдайым осы тақырыпты өз назарында ұстайды. Өйткені инвестиция ол – болашақ дамудың көзі деп. Өкінішке орай біздің нәтижеміз онша емес. Ақмола облысы өңірі мына Астана жанында отырмыз, бірақ дұрыс сапалы инвесторларды тарту, оның нәтижесін, пайдасын халық көруге жасалатын жұмыс өте баяу жүріп жатыр.

STAND-UP:ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе - өңірде ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл салаға биыл 4,3 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда, қауіпті ауруларға қарсы 6,5 миллионға жуық малды вакцинациялау жоспарланып отыр. Жұмысты уақытылы атқаруға кедергілер де жоқ емес. Өңірде ветеринарлық кадр тапшылығы байқалады. Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімдігі мамандарға тұрғын үй беру мәселесін пысықтауды ұсынды. Сондай-ақ, жиын барысында жабдықталған мал қорымдарының жетіспеушілігі және қаңғыбас иттер мәселесі де көтерілді. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов Астана қаласының әкімдігімен жануарларды қабылдайтын мекеме салу туралы келісімге қол жеткізілгенін айтты. Отырыс барысында облыс әкімі көтерілген барлық мәселе ерекше бақылауда болатынын қатаң ескертті.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ