ДИКТОР: Неміс этносының Қазақстанға келу тарихы, алғаш қазақ даласында соғыс жылдарында емес, одан да ертерек келгені белгілі. Қудалаудан басқа экспедициямен қоныс аударғандар да көп болды. Жалпы немістердің Қазақстанды мекендегеніне 200 жылдан астам уақыт өтті. Мұны тарих парақтарында қалған жазбалар дәлелдейді. Қазақстанға көшірілген немістердің басым бөлігі Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарына қоныстанды.

РКС: Кеңес Одағы кезінде немістер жергілікті халықтың басым бөлігін құраған. Ақмола өңіріне неміс этносы 1941 жылдары қоныс аудара бастады. Қазіргі кезде өңірде 26361 неміс этносы өмір сүріп жатыр. Бірақ қазақ жеріне сіңісіп, қазақтың тілімен қатар, салты мен дәстүрін ұстанып, жергілікті қазақтардан кем емес қалыпта дамытып келе жатқан өзге этностарды көргенде оған деген сыйластық пен толқыныс сезімі болатыны анық.

СНХ:АНДРЕЙ ШТИР, НЕМІС ЭТНОСЫНЫҢ ӨКІЛІ: Менің өзімнің туып-өскен жерім Солтүстік Қазақстан, Баянауыл деген жерде туылғанмын. Менің әке-шешем сонау сұрапыл, Ұлы Отан соғысы жылы экспортировать етіліп, депортациямен сол Баянауыл жеріне келген. Бала кездерінен, сол жерде өздері отбасын құрып, әке-шешем. Содан 1965 жылы туған ұлдың бірі менмін. Шешем 11 құрсақ көтеріп, 11 бала өсірген анамыз марқұм. Жұбайым Римма,ұлты татар. Екеуіміз 1989 жылы отау құрдық. 3 ұлымыз бар. Сол ұлдар сол жақта қазақ мектебінде оқып 2002 жылы уақыт өзгерген соң, ауылда қиындаған соң осы Көкшетау өңіріне қоныс аудардық.

РКС: Қазақ жерінде тамырын жайып, өсіп-өніп жатқан бұл отбасының ешқандай өкініші жоқ. Ата-ананың бар тілейтіні ұрпағының амандығы. Ұлдарын ұясына қондырып, құтты шаңырақ астында мамыражай тіршілік етіп, түтінін түтетіп, жайбарақат өмір кешуде. Қазір 3 ұлынан 5 немере сүйіп отырған қадірлі ата әже. Тағы бір ерекшелігі отбасының татулығын сақтауда қазақы тәрбие мен салт-дәстүрдің алатын орны ерекше- дейді кейіпкерлеріміз.

СНХ: АНДРЕЙ ШТИР, НЕМІС ЭТНОСЫНЫҢ ӨКІЛІ: Ұлдарым осында, Куропаткино ауылына келген соң үйленді. Әуелде ортаншы ұлым үйленді. Құдам осы ауылда Болат деген. Келінім мұғалім, тарих пәнінен сабақ береді. Екінші үйленген ұлым-Михайл Бірінші үйленген үлымның аты ол Андрей, өзімнің атымды қойғанмын. Балалардың барлығы әскер қатарына барып келді. Қазақстанның Қарулы Күштері қатарына үшеуі де міндеттерін атқарып келді. Құдам, осы ауылда Сергай Польчинский дегеннің қызын ұстап отырмыз. Келінім тоже мұғалім. Үшінші ұлым, кеш үйленді 2022 жылы. Ол енді ауылдан, Баянауылдан әкеліп, Тұхбаттулин деген бір елдес жігіттің қызы. Сол келініміз қазір қолда тұрады. Ол тоже қазақ. Әкесі қазақ, шешесі татар. Сол тұрмысымыз. Мен механизатор, жолдасым мектепте-күзетші. Күндіз немере бағады. Сүйтіп жүріп жатырмыз.

РКС: Шаңырақтың шаттығы бала десек, баланың да,отбасының да ұйытқысы ана екені белгілі. Жарының да абырой-мәртебесін арттырып, нағыз отанасы бола білген Андрей Адамұлының жары-Римма да өз ілтипатымен ағайын-туыстың да алғысына бөленген жан.Тіптен немерелерін де қазақша тәрбиеге баулып, қазақы әдет-ғұрыппен қалжа тойын да жасаған.

СНХ: РИММА ШТИР, ЖҰБАЙЫ: Бәрін қазақша істейміз. Жуырда қызымызға 1,5 жас болды деп отырмыз ғой қалжа той істедік. Үлкен ұлымыздың да,ортаншы ұлымыздың да тойлары қазақша болды. Бет ашып,сондай қазақша той істедік. Омыртқа, айт шаламыз. Құрбан айтын береміз. Ораза ұстаған жоқпыз. Сол көрген тәрбие. Отбасындағы әке-шешеден көрген тәрбие бірінші рөл атқарады. Сол тәрбиемен тәрбиеледік балаларды. Кейбірде балалар ренжиді бізді қатты тәрбиеледіңіздер деп. Енді онсыз болмайды, ұлдар ғой. Енді за то өздеріне оңды. Жақсы,бәрін біледі. Өмірге дайын. Біз үйде орысша сөйлемейміз. Бәрін қазақша істейміз.Соны көріп енді алысқа кетпейді деп ойлаймыз енді.

РКС: "Адамның ұяты-бетінде, адамгершілігі-ниетінде" деген мағынасы тереңге бойлаған қазақ мақалы дәл осы Штирдің отбасына қарата айтылғандай. Асқан жинақылықпен, ұқыптылықпен жиналған үйдің іші де, көз тартар талғамы да ұрпақтың тәрбиесіне әсер ететіні сөзсіз. Осындай тәрбие мен отбасынан шоқтығы биік, тәрбиесі зор, елдің ертеңін ойлайтын ұрпақ шығар деген ой түйдік.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ,БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ