ДИКТОР: Ауылдық елді мекен тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында өңірде 2 мыңға жуық «Құқық кабинеттері» жұмыс істейді. Мемлекет басшысы әрбір цифрлық реформа, әсіресе, заң көмегіне қол жеткізу шектелген шалғай аймақтардағы адамдар үшін неғұрлым қолжетімді сот төрелігіне жасалған қадам екендігін айтты.
РКС: Елімізде заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Е-нотариат» бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Бағдарлама сенімхат пен ерлі-зайыпты арасындағы келісімдердің барлық түрін ұсынуға мүмкіндік береді. Осы қызметтің арқасында ақмолалықтар нотариусқа бармай-ақ 6 мыңға жуық сенімхат пен ерлі-зайыпты арасындағы бір мыңнан аса келісім рәсімдеді.
СНХ: БӘУКЕН ӘЛМЕШ, ОБЛЫСТЫҚ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Одан бөлек, өте қолайлы нәрсе – «E-ZanKomegi» заң көмегі бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылды. Ол eup.kz. сайтында онлайн режимде заң қызметтерін ұсынуға және алуға арналған. Осыған сәйкес, «Zan Komegi» мобильді қосымшасы қосылды. Бұл дегеніміз азаматтарымыз өздерін қызықтыратын құқықтық сұрақтарға бейне қоңырау арқылы жауап ала алады. Бұл қосымшаға 2000 мыңға жуық адвокаттар мен заң кеңесшілері қосылған.
РКС: Тағы бір маңызды жетістіктердің бірі – «Робот ˗ сот орындаушы» жүйесі. Әкімшілік айыппұлдар уақтылы төленбеген жағдайда автоматтандырылған жүйе 20 айлық есептік көрсеткішке дейін жеке сот орындаушының қатысуынсыз іс қозғайды.
СНХ: БӘУКЕН ӘЛМЕШ, ОБЛЫСТЫҚ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Цифрлық сот орындаушысы іске қосылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін 2,2 млрд.теңге сомасын құрайтын 109 мыңнан астам атқарушылық іс қозғалды. Үнемдеу сомасы азаматтардың пайдасына 550 млн. теңгені құрады. Ақмола облысы бойынша 327 941 466 теңге сомасына 16 999 жеңілдетілген атқарушылық іс жүргізу қозғалды, оның ішінде 63 568 646 теңге сомасына 3 378 атқарушылық іс жүргізу аяқталды.
РКС: Облыста робот-сот орындаушының жұмысын енгізудің арқасында өңір тұрғындары шамамен 82 миллион теңге үнемдеді. Биыл сот орындаушы жұмысының құзыреті кеңейіп, берешек мөлшерінің шегі 40 айлық есептік көрсеткішке дейін жетпек. Сондай-ақ, азаматтарға құқықтық кеңес беретін жасанды интеллект элементтері бар «Әйтеке» чат ботын іске қосу да жоспарланып отыр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ЖҮРСИН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ