ДИКТОР: Ақмола облысындағы білім беру мекемелерінде кедергісіз орта қалыптастыру - өзекті мәселенің бірі. Бүгінде облыс бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар 14 мыңға жуық бала бар. Инклюзивті білім беруді дамытуда қандай шаралар атқарылуда? Қамқорлыққа мұқтаж балалар үшін қандай жағдай жасалып жатыр? Тілшіміз Жанар Мұқышева баяндайды.

РКС: Облыста ерекше күтімді қажет ететін балаларға жағдай жасау барынша қарастырылған. Өңірде олардың тиісті білім алуына, сондай-ақ психологиялық және медициналық тұрғыдан қолдау көрсетіп, кеңес беретін 5 арнайы мектеп-интернат, 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация бар. Сондай-ақ 20 психологиялық-педагогикалық түзету және инклюзивті 84 кабинет жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы да инклюзивті 30 кабинет ашу жоспарланған.

СНХ:ӘСЕМГҮЛ СҮЛЕЙМЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Сондай-ақ, оқу жылының басында, былтыр қыркүйек айында Ақмола облысында алғашқы арнайы балабақша ашылды. Ол Көкшетау қаласында орналасқан «Аяла» бөбекжайы. 166 орынға шақталған балабақша тірек-қимыл аппараты бұзылған және психикалық дамуы тежелген балаларға арналған. Сондай-ақ биыл мектепке дейінгі арнайы ұйымдар желісін кеңейту мақсатында сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған балабақша ашу да жоспарланып отыр. 280 орынға шақталған балабақша Сарыарқа шағын ауданында салынып жатыр.

РКС: Білім беру қызметінің сапасы мен коррекциялық жұмыс мұғалімдердің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Бүгінде өңірде ерекше білім беруді қажет ететін балалармен бір мыңнан астам арнайы маман жұмыс істейді. Олар логопед, дефектолог, тифлопедагог, сурдопедагог, олигофренопедагог және педагог-психологтар.

СНХ:ӘСЕМГҮЛ СҮЛЕЙМЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Мектептерде 687, мектепке дейінгі ұйымдарда 183, коррекциялық кабинеттерде 220 арнайы педагог жұмыс істейді. Мұғалімдердің білімі жоғары. Оқу-ағарту министрлігінің нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес, 2021 жылдан бастап психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу үшін білім беру ұйымдарында педагог-ассистент штаты енгізілді. Барлық педагог жоспарға сәйкес, біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады.

РКС: Жол картасы аясында жыл сайын бейімдеу шаралары өткізіледі. Бұл мақсатқа былтыр облыстық бюджеттен 61 білім беру ұйымы үшін 100 млн.теңгеден астам қаражат бөлінді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ