ДИКТОР: Облыс бойынша былтыр денсаулық сақтау саласындағы Қор арқылы тегін медициналық көмектің тегін берілетін көлемінің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бөлінген бюджет көлемі –86,3 млрд теңге. Оның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне –38,1, кепілдендірілген тегін медициналық көмекке - 48,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Жалпы өткен жылы облыс тұрғындарына 65 медициналық ұйым қызмет көрсетті. Бүгінде облыс бойынша – 138362 адам сақтандырылмаған.
РКС: Елімізде екі медициналық көмек пакеті бар. Ол кепілдендірілген және сақтандыру пакеті. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті минималды стандарттардан тұрады. Мәселен, шұғыл көмекке зәру азаматтарға медициналық көмек көрсету, эпидемияның жаппай таралуына жол бермеу, мемлекеттің араласуын қажет ететін қиын жағдайларға душар болған науқастарға көмек көрсету қызметтерін қамтыса, сақтандыру пакеті пациенттердің өмір сапасын жақсартып, ұлт болашағының негізін қалауға бағытталатын өзге де көмек түрлерін қамтиды.
СНХ:МАҚПАЛ АЙТБАЕВА, КРАСНЫЙ ЯР АУЫЛЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Тегін медициналық кепілдендірілген көмекке жүректің ишемиялық ауруы, өкпе, буын ауруы сияқты, тағы да басқа аурулар жатады. Кепілдендірілген медициналық көмек мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек болса, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде пациенттер жүйеде сақтандырылады. Яғни, мұнда егер өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ретінде болса, өз қаражаты есебінен жарналарды төлейді. Немесе жұмыс берушілер есебінен сақтандыру алады.
РКС: Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне жедел жәрдем мен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек кіреді. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар сырқаттар мен созылмалы аурулардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет шеңберінде консультативтік-диагностикалық көмекпен, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамтамасыз етіледі. Медициналық оңалту қызметін тек туберкулезге шалдыққандар ғана пайдалана алады.
СНХ: АЙНАГҮЛ ТАЙЛАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ДӘРІГЕР-ЭКСПЕРТІ: Шұғыл медициналық көмек қажет ететін, ешқандай кезек күттірмейтін жағдайлар болып саналады. Шұғыл медициналық көмек қажет болған кезде шұғыл көмек алу үшін медицина ұйымына жүгіну керек, немесе 103 нөміріне хабарласу қажет. Ақмола облысы бойынша 2024 жыл қорытындысы бойынша 200370 шақырту болған. Соның ішінде санитарлық авиация 457 науқасқа көмек берілген. Бұл шұғыл көмек берілетін медициналық жағдай.
РКС: Былтыр әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры көрсетілген медициналық көмек үшін ақы төледі. Статистика бойынша, 152 мыңнан астам науқас тәулік бойы және күндізгі стационар деңгейінде медициналық көмек алды. Оның ішінде кепілдендірілген пакет аясында 114 мыңнан, сақтандыру пакеті аясында 38 мыңнан астам адам медициналық көмекпен қамтылды. Айта кетейік, биыл облыс бойынша медициналық көмекке 62 медициналық ұйым арасында 83,9 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде тегін медициналық көмек 44,7 млрд теңге болса, әлеуметтік медициналық сақтандыру 39,2 млрд. теңгеге жетті.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ