ДИКТОР: Өңірдегі өндірістік кәсіпорындарда мыңдаған адам жұмыс істейді. Олардың көпшілігінде күнделікті жұмыс барысы денсаулыққа аса қауіпті. Жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың еңбекке қабілеттілігін сақтау үшін міндетті медициналық тексеруден өткізу маңызды. Осылайша, міндетті медициналық тексеруден өту көрсеткіші 4 процентке өсті.
РКС: Өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшылары күн сайын химиялық заттар, шу, вибрация және шаң сияқты зиянды факторлармен бетпе-бет келіп жатады. Осының бәрі бірқатар созылмалы аурудың өршуіне әкелуі мүмкін. Аталған ұйымдардың басшылары қызметкерлердің тұрақты медициналық тексеруден өтуіне жағдай жасауы тиіс.
СНХ: АЙНАГҮЛ МУСИНА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Басшылары жыл сайын зиянын ескере отырып, қызметкерлерінің тізімін жасап, медициналық ұйымдарға жіберуі керек. Профилактикалық алдын ала медициналық тексеруден өтуге лицензиясы бар денсаулық сақтау ұйымдары медициналық тексеруден өту кестесін, күнтізбелік жоспарды жасауы тиіс. Кәсіптік патолог басқаратын комиссия құрылуы керек, яғни дәрігердің кәсіптік патология бойынша оқудан өтуі туралы сертификаты болуы шарт. Медициналық тексерулерді өткізу қорытындысы бойынша акт жасалып, аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет басқармасына жіберіледі.
РКС: Облыста осы тексерулерді жүргізуге 17 емдеу-профилактикалық мекеме құқылы. Былтыр 31 мыңнан астам қызметкердің 29 мыңдайы міндетті медициналық тексеруден өтті. Айта кету керек, бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 процентке өсті.
СНХ: УАҚЫТ БЕЙСЕНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жұмыс беруші өз қызметкерлерін міндетті медициналық тексеруден өтуге жіберетін белгілі бір медициналық ұйыммен шарт жасасуы керек. Оны жұмыс беруші төлейді. Әсіресе зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайлары бар ауыр жұмыстармен айналысатындар үшін. Егер қызметкерге белгілі бір зиянды, қауіпті еңбек жағдайы әсер етсе, онда жұмыс беруші диагностика, емдеу немесе қосымша қызметтер ұйымдастырады.
РКС: Мамандар тұрақты медициналық тексеруден өту ең алдымен жұмысшының жеке жауапкершілігі екенін атап өтті. Бұл шаралар кәсіптік аурулардың бастапқы кезеңдерін анықтап, олардың одан әрі өршуіне жол бермейді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ