ДИКТОР: Ағартушылық һәм іскерлік жолға салуда да қазақ газеті мен журналының идеясы зор өріс алды. Ұлттық баспасөз күніне орай «Amanat» партиясы облыстық филиалы Ұлттық басылым күніне орай «Арқа ажары» және «Акмолинская правда» газеттерінің өкілдері мен белгілі журналистердің студент жастармен кездесу кешін ұйымдастырды.

РКС: ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында алғашқы қазақ кітаптары, ұлттық баспасөз құралдары, ұлттық қозғалыс ретінде бастау алып дами бастады. Қазақ халқының тарихы мен қоғамдық-саяси,ағартушылық өмірінде үлкен қозғалыс әкелген қазақ баспасөзі болатын. 1911 жылы жарық көрген қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» мен «Қазақстан» газетінің ғұмыры ұзақтау болды. 1917 жылы Ақмола өңірінде алғаш рет жарық көрген «Тіршілік» газетінің негізін Сәкен Сейфуллин салған. Кейін атауы бірнеше рет өзгеріп, қазір «Арқа Ажары» атауымен өңірдің жаршысына айналған басылым. Сонымен қатар ғасырдан астам тарихы бар «Акмолинская правда» газетінің тілшілері де жастарға журналистік өмірдің сәттерінен естеліктерімен бөлісті.

СНХ: ҚАЙЫРБАЙ ТӨРЕҒОЖА, «АРҚА АЖАРЫ» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ: Болашақ филолог мамандардың осында келіп біздің айтқан әңгімелерді азды-көпті ықылас қойып тыңдағандарына өзіміз көңіліміз өсіп отыр. Өйткені бүгінгі жастардың арасында, осы журналистикаға, газетке зейін қоятын жастардың бар екендігіне көзіміз жетті. Өз тарапымыздан осы тұңғыш ұлттық басылым қазақ газеті туралы, оның басында тұрған «Алаш» көсемдері туралы, өзіміздің облыстық «Арқа Ажары» газеті туралы баяндап әңгіме өрбіттік. Бұл екі жаққа пайдалы ғой деп ойлаймыз. Өйткені, талантты, талапты жастар көбінесе осы филология факультетінен шығады.

РКС: Баспасөз халыққа нақты ақпаратты таратып, қоғамдық ой-сана мен пікірді қалыптастыруда, мемлекеттің мүдделі мұраттарын дұрыс жеткізуге ықпал етеді. Кешке жиналған студенттер де, жарқын жүздесуден кейін өздерін журналистика саласынан көргілері келетіндерін айтты.

СНХ: НҰРСҰЛТАН ТЕМІРБАЙ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Бүгінгі кездесу кешінен менің ой түйгенім, менің газетке деген махаббатым ашылды біріншіден, екіншіден осы газеттің тарихына көбірек үңілдім деп ойлаймын. Баяғыда газетті мен үйде тұратын ара-арасында оқитын зат ретінде қарасам, қазірден тарих ретінде, бағалы ақпарат ретінде қарайтын болдым. Менің негізгі мамандығым қазақ тілі мұғалімі, келешекте өзімді осы журналистика саласында көргім келеді, көрсем бе деп отырмын.

СНХ: КАРИНА ШАРАФИЕВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Мен осы сұхбаттан өте керемет сезім, өте керемет әсер алдым.Себебі, рахмет, осындай керемет кісілермен кездескеніме, әңгімелескеніме, сол кісілерден өте керемет, өте құнды мағлұмат алғаныма өте қуаныштымын. Осы керемет кісілердің бізге берген ақылынан, құнды мағлұматтарынан газеттің керемет тарихы бар екенін байқадым. Осындай керемет мағлұматтардың арқасында журналистикаға мамандығында өзімді байқап көрсем деген ойдамын.

РКС: Баспасөз - бұқара мен елдің арасын жалғап, соны хабарды саралап, сөз қадірін қашырмай жеткізетін ұжым. Сара жолдан таймай келе жатқан қажырлы еңбек иелерінің ұшан-теңіз ісін халық қашан да жоғары бағалайды. Кездесуге қолдау білдірген өлкенің белді журналистеріне «Amanat» партиясының облыстық филиалы атынан Алғыс хаттар табысталды.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ