ДИКТОР: Көкшетауда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысы өтті. Жиында қатысушылар бизнесті қорғаудың өзекті мәселелерін талқылап, кеңес жұмысының қорытындысын шығарды.

РКС: Отырысқа мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының өкілдері қатысты. Олар кәсіпкерлер жиі тап болатын қиыншылықтар мен саладағы олқылықтардың шешу жолдарын ұсынды.

СНХ: РАСУЛ СЫЗДЫҚОВ, ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біз сот органдарының стратегиялық серіктесі ретінде оларға көп жұмыс жүктелгенін байқаймыз. Олар өтініш мен талаптарды уақытында қарамайды. Осы ретте көптеген шағымдар түсіп жатады. Сондықтан біз күн тәртібінде осы мәселені көтеріп, төрағаның бірінші өкілінен қандай жағдайда әкімшілік талап қою керек, қандай жағдайда кассация орын алады, олардың заңды күшіне ену мерзімі қандай – осы сұрақтарға түсініктеме алғымыз келеді.

РКС: Кәсіпкерлердің тарапынан ең көп өтініш келіп түсетін өзекті мәселелердің бірі – жер қатынастарына қатысты. Ол барлық өтініштердің 33 %-тін құрайды. Екінші орында салықтық әкімшілендіру және кедендік реттеу мәселесі. Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешен және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл мәселелері да бар.

СНХ: ВАЛЕНТИНА ГЕРАЩЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Егер кәсіпкерлердің өтініштері бойынша көрсеткіштерді салыстырсақ, 2022-2023 жылдары өтініштер көп түсті. 2024 жылы мұндай өтініштер азайды. Барлық келіп түскен өтініштердің 156-сы оң шешімін тапты. Бұл өз кезегінде жақсы көрсеткіш. 250 миллион теңгеден астам соммаға кәсіпкерлердің құқығы қорғалды.

РКС: Жиын соңында қатысушылар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және өңірде қолайлы бизнес-ахуалды қалыптастыру үшін одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді. Кеңестің бұл бағыттағы жұмыстары одан әрі жалғасын табады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ