ДИКТОР: Облыста ауа райының күрт нашарлауына байланысты жолдардағы жағдай қиындай түсті. Қар, бұрқасын және жолдардағы көріну деңгейінің нашарлауы көлік қозғалысына айтарлықтай кедергі келтірді. Өткен түнде өңірдің 13 республикалық және облыстық маңызы бар 31 автожолында көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. 40 блок бекеті қойылды. Қазір облыс аумағында жолдар ашық. Алайда республикалық 2 тас жолы бойынша қозғалыс әлі де шектеулі.
РКС: Синоптиктердің болжауынша, аймақта арктикалық суық ауа массасы шарықтау шегіне жетті. Алдағы 3-4 күнде ауа-райы жауын-шашынсыз, ашық, әрі қатты аяз күтілуде.
СНХ: ЛАРИСА ГОНЧАРОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ: Ауа температурасы бүгін түнде 25-30, ертең түстен кейін 20-25 градус аяз. Алдағы жұма күні, түнде ауа температурасы 30-35 аязға дейін көтеріледі деген болжам бар. Одан кейінгі күндері сынап бағанасы біраз түседі. Сенбі күні түнде ауа температурасы 18-23, күндіз 10-15 градус шамасында аяз болады. Одан кейін ауа температурасы тағы да біртіндеп көтеріліп, күпн бүзылады.
РКС: Жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсету үшін жылыту пункттері жасақталды. Таңғы сағат 8-дегі деректерге сәйкес, жылыту пункттеріне 209 адам жеткізілді. Оның 19-ы бала. Жолдарда мыңнан астам көлік кептелісте қалып қойған.
СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Барлық блок бекетте кез келген жерден тез шығатын көлік кезекшілікте тұрды. Сондай-ақ адамдарға жылдам көмек көрсететін жағдай бола қалған сәтте жәрдемдесетін арнайы көлік те жарақтандырылды. Қорғалжын ауданында 11 жүк көлігі мен 20 адам құтқарылды. Аудандық өрт қызметінің мамандары көмекке келді.
РСК: Төтенше жағдай қызметінің мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Автокөлік иелеріне әзірге алыс жолға шығудан бас тартуды сұрайды. Қашан да жолдағы жағдайды бағамдап отырған абзал. Өзіңіз бен жолаушының өміріне жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймыз,-дейді құтқарушылар.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ