ДИКТОР: Көкшетауда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі "Бірлік пен келісімнің 30 жылы" іс-шаралар жоспары шеңберінде "Ұрпақтар диалогы" атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Басқосуда ұлтаралық бірлік пен келісім, рухани бірлік идеяларын қалыптастыру, сапалы білім, ұрпақтар сабақтастығы мен еңбек нарығында тапшы жұмысшы мамандықтар тақырыбы көтерілді.

РКС: "Ұрпақтар диалогы" атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық кеңесінің, ғылыми-сараптамалық тобының, кафедралардың, жас ғалымдар клубының, облыстағы этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық құрылымдардың өкілдері қатысты. Жиында тұрақ¬тылық пен бейбітшіліктің жаршысы болған Ассамблеяның 30 жылдығына орай өңірімізде 500-ден аса түрлі форматта іс-шаралар жоспарланған.

СНХ: ДОСҰЛАН АЙТБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қазіргі таңда ұрпақтар арасындағы байланысқа қатысты мәселелерге ерекше назар аудару қажет. Бәріміз тарихи жадты сақтамай, үлкеннен кішіге берілетін құндылықтарды қадірлемесек, болашақта алға басу мүмкін емес екенін түсінеміз. Аға буын өз бойында жинақталған тәжірибені, білім мен дәстүрлерді ұстанады. Олар қоғамның тұрақтылығын сақтау және біртұтас қарым-қатынасын дамыту үшін қажет. Өз кезегінде жастар қоғамда болып жатқан оқиғаларға жаңа көзқараспен қарайды, өзгерістерге бейімделе алады және жаңа идеялар мен тәсілдер жасауға ұмтылады.

РКС: Конференцияда Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалым-оқытушылары да сөз алып, қоғамның тұрақтылығын сақтау және біртұтас қарым-қатынасын дамыту сынды тақырыптарда ой пікірлерін білдірді. Басқосуда ұрпақтар сабақтастығы да тілге тиек болды.

СНХ: ЕРМЕК НҰҒЫМАН, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Бүгінгі таңда ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту болашақта орын алатын ортақ мәселелерді ортаға салу баршамыз үшін өте маңызды. Ұрпақтар диалогы деген ұғымды тереңірек түсінгенде оның біздің қоғам үшін қаншалықты құнды екенін білеміз. БҰл тек ұрпақтар арасындағы байланыс қана емес, бұл өткен мен бүгіннің тарихы, мәдениеттің сабақтастығы. Әрбір буынның өз орны мен міндеті бар. Біз бір-бірімізден үйреніп, келешекке өз тәлімімізді қалдыру керекпіз деп санаймын.

РКС: "Ұрпақтар диалогы" атты конференцияда этномәдени бірлестік өкілдері мен қарапайым еңбек адамдары да сөз алды. Жиында "Қасиетті сандық" атты мәдени-ағарту науқаны жарияланды. Сандыққа әр ұлт өзінің қолөнер бұйымдарын салуда. Басқосу соңында конференция резолюциясы қабылданды.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛ, КӨКШЕ АҚПАРАТ