ДИКТОР: Соңғы аптада еліміз бойынша картоп бағасы күрт өсті. Кей сөрелерде 170-тен 270 теңгеге дейін көтеріліп кетті. Оған көрші елдердегі Қазақстанның көкөністеріне сұраныстың артуы себеп болған. Ақмола облысының қажеттілігін толық қанағаттандыру үшін картоп қоры өңірде жеткілікті ме? Жергілікті дүкендердегі баға қандай? Тілші баяндайды.
РКС: Ақмола облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарығын бақылау үшін тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Былтыр көктемде "KOKSHE" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 5,7 мың тоннаға жуық көкөніс өнімін сатып алуға келісім-шарт жасасты. Осылайша картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат сатып алынды. Ол аймақ халқының қыс-көктем мезгіліндегі көкөніске деген қажеттілігін толығымен жабады.
СНХ: АЛМА ӘБДІРАХМАНОВА, "KOKSHE" ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ АЗЫҚ-ТҮЛІКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ САУДА ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Желтоқсанда картоп, көкөніс өнімдерін броньннан алып тасталды. Қазір "Көкше маркет" сауда желісіне килосын 105 теңге бағамен жеткізіп жатырмыз. Сонымен қатар "Смолл" сауда желісімен де жұмысты жүйеге қойдық. Жаңажылдық мерекелердің алдында онда картоп 125 теңгеден сатыла бастады. Бұл сатылым бағасын 55 процентке төмендетуге мүмкіндік берді. Яғни, картопқа қатысты ешқандай даурығудың қажеті жоқ. Тауар жеткілікті. Дүкендерде сатылып жатыр. Егер өзге де сауда нүктелері бізбен ынтымақтаса жұмыс істеуге қызығушылық танытып жатса, хабарласса болады. Біз дүкендерге жеткізіп беруге дайынбыз.
СНХ: ЗӘУРЕШ АХМЕТЖАНОВА, ЗЕЙНЕТКЕР: Бағалары бәрі жақсы. Бізге ұнады. Базарда қымбат, онда картошка 230 теңге. Ал мында Смолда 125 міне. Сәбіз 108. Жалпы, осында продукты алуға келеміз.Барлығы жақсы. Көкөністерді аламын, алма аламын.
РКС: Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне жүгінсек, былтыр өңірде 8 мың гектарға жуық алқапқа картоп егілген. Тағы 1,5 мыңдай алқап көкөніс отырғызуға бөлінді. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеткілікті мөлшерде өнім жинады.
СНХ: УӘЛИХАН ЕСКЕНДІРОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Бізде жыл сайын картоп егуге арналған егістік алқабы ұлғаюда. Өйткені, ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өніміне жатады. Былтыр Ақмола облысы бойынша 137,5 мың тонна картоп жиналды. Қазір 11,9 мың тоннасы қалды. Оның 2,5 тоннасы өңірлік тұрақтандыру қорында.
РКС: "Kokshe" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қоры әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 17 түрін сатып алады. 1 қаңтарға қорды қалыптастыруға 2,5 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Қазір бұл тауарлар аймақтың 42 дүкенінде сатылуда.
АЯЖАН ТӨЛЕУОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.