ДИКТОР: Көкшетауда қазақ күресінен облыстық чемпионат өтті. Турнирге 2008-2009 жылдары туған ұлдар мен қыздар қатысты. Екі күн бойы 200-ден астам спортшы арасынан үздіктер анықталды.
РКС: Ұлдар мен қыздар 9 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Аян Кәркен Зеренді ауданының намысын қорғау үшін келіпті. Жеңістен үмітті.
СНХ: АЯН КӘРКЕН, ЧЕМПИОНАТҚА ҚАТЫСУШЫ (ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ): Мен бүгін қазақ күрестен 2 белдесу өткіздім. Финалға жету үшін маған әлі 3 белдесу керек. Мен қазақ күресімен 7 жылдан бері айналысамын. Мұхжанов Жұман ағайдың қол астында жаттығамын. Күреске деген қызығушылығым ағамнан басталды.
РКС: Чемпионатқа облыстың 14 ауданынан спортшылар өзара бақ сынасты. Бас төреші жасөспірімдердің жарысқа жақсы дайындықпен келгенін айтып отыр.
СНХ: ЖАСҰЛАН МҮСІПОВ, ЧЕМПИОНАТТЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ: Жарысқа аудандар мен қалалардан келген спортшылар жақсы дайындалып келіпті. Осы іріктелген палуандарымыз 15-20 ақпан аралығында Өскемен қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алады деп ойлаймын.
РКС: Сайыс қорытындысы бойынша өз салмақ дәрежесінде бірінші, екінші және үшінші орындарды еншілеген спортшылар ел біріншілігіне қатысуға жолдама алды. Енді олар республикалық сайыста Ақмола облысының намысын қорғайды.
ҰЛЖАН ТҰРЛЫБЕК, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.