ДИКТОР: Кәсібилік- адам таңдамайды. Қазір нәзік жандылар кез- келген жұмыста, тіпті физикалық тұрғыдан аса ауыр салада да жетістікке жетіп жүр. Ең басты қағида - тәжірибе, еңбекқорлық, алға ұмтылыс және жауапкершілік. Олар осы қасиеттерді әлдеқашан дәлелдеп үлгерген. Жарты ғасырдан астам өмірін қиын әрі жауапты мамандыққа арнаған электрослесарь Тамара Сонина туралы тілшіміз баяндайды.
РКС: Тамара Сонина - "Көкшетау жылу" кәсіпорнында бақылау-өлшеу құралдары мен автоматика слесары болып еңбек етеді. Жұмыс барысында орын алатын түрлі жағдайларда қалай әрекет етуді бір кісідей біледі. Ауыртпалықтан ешқашан қорыққан емеспін. Осы жұмыстан өзіме ләззат аламын,-дейді ол.
СНХ: ТАМАРА СОНИНА, "КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ" МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРНЫНЫҢ ЭЛЕКТРОСЛЕСАРІ: Бұл жұмыссыз өзімді елестете алмаймын. Күн сайын жұмыс орныма ерекше шабытпен келемін. Өзімді-өзім үнемі қайрап отырамын. Жұмысымның нәтижесін көргенде төбем көкке жеткендей әсерде боламын. Ерлермен иық тіресе жұмыс істеп келе жатқаныма біраз болды. Еңбек өтілім- 51 жыл. Алдымыздан біраз маман өтті. Қалай десек те, әйел адам құрылғылармен жұмыс істегенде жауапкершілікті көбірек сезінетінін байқадым.
РКС: Тамара Сонина 1990 жылы жұбайымен бірге Қарағандыдан Көкшетауға көшіп келді. Жас мамандарды кәсіпорынға электрослесарь-монтажшы ретінде жұмысқа жіберді. Ерлі-зайыптылар қазандықты салуға зор үлес қосты. Оның одан әрі үздіксіз жұмыс істеуінде де белсенді болды. Тамара Сонинаның айтуынша, 35 жыл ішінде қазандықта бірде-бір дағдарыстық жағдай орын алмаған. Өзінің кәсібилігі мен ұстанатын дағдылары қазір оның қызметінде тәртіп пен тиімділікті сақтауға ықпал етеді.
СНХ: ЮРИЙ БЕРЕГОВЦОВ, "КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ" МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРНЫНЫҢ ШЕБЕРІ: Мен Тамара Назаровнаны 1995 жылдан бері білемін. Бірге жұмыс істейміз. Өз ісінің маманы. Бізге азаматтық теміржол құрылымдарының қашықтығында жұмыс істеуге тура келді, содан кейін 2005 жылы бізді осы жерге ауыстырды. Біздің барлық аппараттарымыз, жұмыс барысында орын алған келеңсіз жағдайлар Тамара Назаровнаның тексеруінсіз өтпейді. Мен ол кісі туралы тек жақсы сөздер ғана айтамын.
РКС: Нәзікжанды электрослесарь тек ерлерге ғана тән деген стереотипті бұзып, бұрымдылар да осы салада нағыз шебер бола алатынын дәлелдеді. Әріптестері оны әпкелері ретінде құрметтейді. Жүрегі жұмсақ, жаны жайсаң жұмысшы дейді. Айта кету керек, Тамара Сонина бұл мамандыққа бекерден-бекер келмеген. Отбасылық дәстүрге айналған сала. Өйткені оның туыстары да өмірлерін дәл осы саламен байланыстырған.
ӘЙГЕРІМ СЕРПЕР, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ