ДИКТОР: Киелі Көкше жерінде Қазақстан Республикасы Судьялар Одағы Спартакиадасының аймақтық ойындары өтті. 2003-ші жылы бастау алған бұл спорттық шара дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы жарыс - спартакиада тарихындағы он бірінші кездесу.

РКС: Сот жүйесі қызметкерлерінің арасында дене шынықтыру мен спортты кеңінен насихаттау, ұжым ішіндегі ынтымақтастық пен достықты арттыру, әрі салауатты өмір салтының құндылығын дәріптеу. Спартакиаданың ашылу салтанына келген аймақ басшысы Марат Ахметжанов бұл сайыс тек спорттық бәсеке емес,-деп атап өтті. Шын мәнінде әріптестік ынтымақтастықты нығайтатын, салауатты өмір салтын насихаттайтын үлкен қоғамдық оқиға екеніне тоқталды.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Сот саласы еліміздің тұрақтылығы мен әділеттілігінің тірегі. Сіздердің еңбектеріңіз, әділетті шешімдеріңіз халқымыздың сенімін нығайтып, мемлекетіміздің негізін бекіте түседі. Ал спорт бұл бірлік пен тәртіпті әділдік пен төзімділіктің мектебі. Ақмола өңірі өзінің тарихы мен табиғи байлығымен және мәдени дәстүрімен ерекшеленген өлке. Құрметті қатысушылар, баршаларыңызға сәттілік тілеймін. Жарыстарыңыз әділ өтсін. Жеңімпаздарыңыз лайықты анықталсын.

РКС: Іріктеу кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен ерекшеленді. 6 команда қатысты. Жоғарғы Сот, Әскери сот, Астана қалалық соты мен Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының соты өзара мықтыны анықтамақ. Олар спорттың 9 түрі бойынша бақ сынасуда.

СНХ: ДОСЖАН ӘМІР, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: Бұл дәстүрлі спартакиаданың өтуі, әріптестерімізді тағы бір жаңа қырынан көрсетеді. Ер адамға сегіз өнер де аз дегендей, сондықтан 9 спорт түрі, соның барлық түрлерінен біздің әріптестеріміз өзінің жасына қарамай қатысады. Тағы бір айта кететіні, 63 жаста судьялар еңбек демалысына шығады, сол демалыстағы судьялар біздің іс-шараларымызға қатысып жүр. Бүгінгі күні судьялар одағындағы осы жарыстың ішіндегі ең жасы үлкені 72-дегі әріптестеріміз өздерінің жас әріптестерімен иық тіресіп, оларды көп жағдайда ұтып та жатқан жағдай бар.

РКС: Әр ойын қызықты сәттерге, тартысты бәсекелерге толы болды. Волейболдағы командалық рух жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.

СНХ: ЕРКІН ШӘРІПБЕКОВ, ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ ӘСКЕРИ СОТТЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Осы солтүстік аймаққа алғашқы рет қатысып отырмыз. Бұған дейін біз Шығыс Қазақстан облысының аймағында ойындарға қатысқанбыз. Біздің команда 14 адам болып келдік. Қазір құдай қаласа Қызылжар командасымен ойнамыз, Солтүстік Қазақстан облысының. Тек волейбол турнирінен емес, бізде сонымен қатар шашки, шахмат, тоғызқұмалақ, теннис ойындарынан үміткерлерді алып келдік.

РКС: Айта кетейік, бұл спартакиада - еліміздің барлық 20 облысына теңестірілген сот органдарының арасындағы ауқымды турнир. Жарыс жүйелі түрде өңірлік іріктеулер арқылы өтуде. Әр аймаққа 5-6 командадан бөлініп, өзара мықтыны анықтауда. Солтүстік аймақтық кезең - осынау үлкен турнирдің бір тармағы ғана. Ал өңірлік сыннан сүрінбей өткен үздік командалар күзде Шымкент қаласында өтетін республикалық шешуші додада бақ сынаспақ.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ