ДИКТОР: Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің 70 жылдық мерейтойына орай «Ақаннан әуелеген әсем ән» атты республикалық дәстүрлі әншілер байқауының қорытынды марапаттау рәсімі өтті. Аталған шара аясында салтанатты гала-концерт ұйымдастырылды. Толығырақ тілшіміз Сәния Есімсейітова баяндайды.
РКС: Екі күн бойы еліміздің түкпір-түкпірінен келген мектеп оқушылары мен студенттер дәстүрлі ән додасында бақ сынасты. Осындай үлкен өнер додасында қазылар алқасының мүшесі Бисара Мәкенова да мәдени шараның басы-қасында болып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға игі тілегін жеткізді.
СНХ: БИСАРА МӘКЕНОВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ: Жан-жақтан келген басқа қалалардан, облыстардан келген әншілеріміз қандай керемет. Жақсы оқушыларымыз, студенттеріміз өзінің керемет дайындықтарымен келіпті. Соған қуанып отырмыз. Бұл енді дәстүрлі әннің жалғасып жатқанына өте қуаныштымыз. Себебі, көп жерлерде өтілмей қалып жатыр. Сондықтан мына Ақан сері, Біржан сал серілердің жерінде өтіп жатқаны өте орынды. Біздің әннің туын тіккен жер Көкшетау. Арқаның әнін айту үшін оған жүрек керек. Оған үлкен ерлік керек дегендей. Жүректі адамдар ғана шын жүрегімен, тілегімен Арқаны кең дауысты, дыбысты әндерін айта алады.
РКС: Байқау үш санат бойынша өтті: мектеп оқушылары, 1-2 курс және 3-4 курс студенттері өзара сайысқа түсті. Әр санат бойынша 3 үшінші орын, 3 екінші орын, 3 бірінші орын және 1 гран-при иегері анықталды. Бас жүлдені Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің 3-курс студенті Ермұрат Асхат жеңіп алды.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ЕРМҰРАТ АСХАТ, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ: Бүгінгі өткен байқаудың бас жүлдегері атанып отырмын. Мен Алматы қаласынан Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада цирк колледжінен келіп отырмын. 3-ші курс, дәстүрлі ән мамандығы бойынша. Ұстазым-Талғат Әбілғазы. Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Және де мынау жан-жақтан келген қазақтың саңлақтары неше түрлі ән орындап, халыққа, халықтың бойына, қазақтың рухын дарытуда. Көптен көп рахмет.
РКС: Ал колледждердің 1-2 курс студенттерінің санаты бойынша 1-орынды Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің өкілі Аяжан Акеева еншіледі. Колледждің жоғары курс студенттері арасында 1-орынды Павлодардағы музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының білім алушысы Махамбет Рамазан иеленді. Мектеп оқушылары арасында 1-орын қарағандылық Балдай Нұрлыханға берілді. Сонымен қатар қатысушыларға арнайы номинациялар тағайындалды. «Біржан сал» номинациясы бойынша Зеренді балалар музыка мектебінің шәкірті Нұртас Азаматұлы үздік орындаушы атанса, «Үкілі Ыбырай» номинациясы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледжінің студенті Жанел Есжанға бұйырды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ