ДИКТОР: Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Қорғаныс министрлігіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге келді. Олар оқу орнының оқу-тәрбие үдерісімен, кадр даярлау жүйесімен және даму әлеуетімен танысуды мақсат еткен. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Мәжіліс депутаттары ең алдымен әскери колледждің инфрақұрылымымен танысып, мұндағы әскери тұрмыстық жағдайды өз көздерімен көріп шықты.

РКС: Халық қалаулылары кадеттердің күнделікті тұрмыс-тіршілігімен етене танысу мақсатында әскери колледждің оқу сыныптарын, кітапханасын, музейін, спорт залын және медициналық пунктін аралады. Әсіресе асхананың санитарлық жағдайы мен ұсынылатын тағамдардың сапасына ерекше назар аударылды.

ИНТЕРШУМ:

 STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Бұдан соң әскери колледж бастығы Айбек Габдрахов оқу орнының қызметі мен жетістіктері туралы баяндама жасады. Кездесу барысында білім сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, сондай-ақ патриоттық тәрбие мәселелері талқыланды.

РКС: Атап айтқанда, кадеттердің оқу және тұрмыстық жағдайлары, оқу-жаттығу базасының заманауи талаптарға сәйкестігі, әскери қызметке даярлық сапасы, сондай-ақ әскери оқу орындарын дамытуға бағытталған заңнамалық қолдау тетіктері кеңінен талқыланды. Халық қалаулылары әскери оқу орындарында білім алып жатқан жастарға тек әскери емес, азаматтық өмірде де қажет болатын қосымша дағдыларды меңгеру мүмкіндігін ұсыну қажеттігін атап өтті. Осы ретте, колледж түлектеріне арнайы диплом мен жүргізуші куәлігін беру жолдарын қарастыру ұсынылды.

СНХ: АЙДОС САРЫМ, МӘЖІЛІСТЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІСТЕР, ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ: Мына жерде енді негізінен мотоатқыштар болғаннан кейін, бұл жерде енді көлік жүргізу, техника жүргізу дейтін мамандықтарға басымдық берілгеннен кейін, Ішкі істер министрлігімен бірігіп, осы жерден бітірген бала болашақта белгілі бір категориядағы жүргізуші құқығын алып шықса дейміз. Сондай дипломды қосымша алатын болса, онда осы жерге келіп оқуға деген ниет артады деген мәселе бар.

РКС: Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза оқу орнындағы ескірген материалдық-техникалық база мәселесін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, әскери колледждерде әлі күнге дейін Кеңес дәуірінен қалған автоматтар мен тапаншалар қолданылып келеді. Бұл жағдай қазіргі заман талабына сай келмейді. Сондықтан, қару-жарақ паркін жаңарту және оқу-жаттығу жабдықтарын жаңғырту – күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Ол бұл бағытта түбегейлі реформа қажеттігіне тоқталды. Бірақ, барлық бастама қаржыландыруға келіп тірелетінін де жасырмады. Сол себепті алдағы уақытта Қорғаныс және Қаржы министрліктерімен бірлесе отырып, ең қажетті техникалар іріктеліп, кезең-кезеңімен жаңартуға күш салынатынын жеткізді.

СНХ: САМАТ НҰРТАЗА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Материалдық-техникалық базаны жаңарту ол- бірінші мәселе. Себебі өкінішке орай дейміз ба, кейбір қару-жарақтар жаңа біз көріп жатырмыз, мысалға 75 жылғы автомат, 79 жылғы пистолет деген сияқты – бұл барлығы ескірген. Кеңес одағы кезінен қалып қалған қару-жарақтар. Менің ойымша, үлкен бір қайта жүктеу дейміз ба, сондай реформа керек.

РКС: Ал Максим Рожин мемлекеттік тілдегі әдістемелік материалдардың тапшылығына назар аударды. Кітап қоры мемлекеттік тілде жазылған сапалы әрі заманауи оқулықтармен толықтырылуы қажет,-дейді ол.

СНХ: МАКСИМ РОЖИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Жалпы, колледж директоры бұл мәселені өз күшімен сонымен қатар, республикалық-ғылыми, филологиялық ғалымдардың күшімен шешіп жатқанын айтып жатыр. Әзірге оқуға қажетті барлық әдістемелер, оқулықтар бар деп айтты. Бірақ сонда да, мен ойлаймын, колледж кітапханасы, колледж кітап қоры мемлекеттік тілде жазылған оқулықтармен толығу керек деп ойлаймын. Біздің көтерген мәселе осы.

РКС: Кездесу соңында депутаттар еркін форматта жеке құраммен сұхбаттасып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Халық қалаулылары қорғаныс саласындағы өзекті мәселелерді Парламент қабырғасында зерделеп, шешу жолдарын қарастыруға дайын екендерін жеткізді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ