ДИКТОР: Былтыр облыс бойынша 500-ден астам мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалды. Мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері де әшкереленді. Заңсыз сыйақы төлеудің 16 фактісі анықталды. Осы салада еңбек ететін мүгедектігі бар қызметшілердің құқығы да қорғалды. Өткен жылы тағы қандай жұмыстар атқарылды? Бұқаралық ақпарат құралдары алдында облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментінің басшысы Думан Әбілев былтырғы жылғы жұмыстарын саралады.

РКС: Департамент өз құзыретінің аясында азаматтардан келіп түскен 80-ге жуық арыз-шағымды қарады. Мемлекеттік органдардың қызметіне 63 тексеріс жүргізілді. Оның қорытындысына сәйкес 528 мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалды. Мемлекеттік қызметшілерді 8 сағаттан артық жұмысқа тарту деректері де анықталды. Осылайша 400-ге жуық мемлекеттік қызметшінің белгіленген сағаттан артық істеген уақытына демалыс берілді. Тәртіптік жазаға тарту туралы 36 акті кері қайтарылды. Мемлекеттік 8 қызметшіге 332 мың теңгеден астам іссапар шығыны төленді.

СНХ: ДУМАН ӘБІЛЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Талдау қорытындысы бойынша мүгедектігі бар 6 қызметшінің құқықтарын бұзу фактілерін анықтадық. Медициналық қорытындыда белгіленген мүгедектіктің болуына қарамастан, аталған адамдар үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленбеген. Біздің департаменттің араласуынан кейін қызметкерлердің құқықтары қалпына келтірілді.

РКС: Бұдан бөлек, заңсыз сыйақы төлеудің 16 фактісі анықталды. Департаменттің талап етуінің негізінде 2 миллион 700 мың теңге бюджетке қайтарылды. Мемлекеттік қызметшілердің меритократия принципін жүзеге асыру өз нәтижесін беріп отыр. Ішкі конкурс арқылы жоғары лауазымдарға 90-нан астам мемлекеттік қызметші тағайындалды.

СНХ: ДУМАН ӘБІЛЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту бағытында іске асырылып жатқан жобалардың бірі - Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі. Бұл жоба облысымызда 2018 жылдан бері іске асырылып келеді. Осы уақыт ішінде мектептің көптеген түлектері мемлекеттік қызметке түсіп, өздерінің білімі мен дағдыларын сүйікті ісінде қолдануда. 2024 жылы осы мектептің 3 түлегі мемлекеттік қызметке қабылданды. Сондай-ақ мектептің жаңа оқу маусымы ұйымдастырылып, 23 түлек мектепті сәтті аяқтады. Қазіргі уақытта олар мемлекеттік органдарда тәжірибеден өтуде.

РКС: Жаңашылдықтар мен жастарға арналған қолдаудың арқасында мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі біршама жеңілдетілді. Осылайша мемлекеттік қызметтегі жастар үлесі жыл санап артып келеді.

ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ