ДИКТОР: Бұланды ауданының Макинск қаласында өңірдегі өрт сөндірушілер мен медициналық персоналдың функцияларын біріктіретін алғашқы әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды. Бұл жаңалық құтқару қызметтерінің өзара іс-әрекетін жақсартуға және төтенше жағдайлармен күресу жеделдігін арттыруға бағытталған пилоттық жоба шеңберінде іске асырылды.
РКС: Макинск қаласындағы №8 өрт сөндіру бөлімі тек өрт ғана сөндірмейді. Бұл бөлімшеде апаттардың салдарын жоятын және кез келген төтенше жағдайда зардап шеккендерге көмектесетін құтқарушылар мен дәрігерлер жұмыс істейді. Осындай жаңалық құтқару қызметтері жүйесін жаңғырту шеңберінде енгізілді. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өрт сөндіру бөліміне барып, атқарылған жұмыс нәтижесімен танысты. Жаңғыртуға арналған қаражат «Қазақстандық құтқарушылар қоры» жеке қорынан бөлінді.
СНХ: ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ: Бұл депо әмбебап болады. Медицина жағынан, құтқару жағынан, өрт сөндіру жағынан. Сол жолмен әрі қарай жүретін боламыз. Оның бәрі де нақты осы жерде біздің фондтың арқасында істелініп жатыр. Фонд демеушілік жасады. Оларға бөлек алғысымды айтқым келеді. Жөндеу жұмыстары, жиһаз алынды, керек техника алынып жатыр. Өздеріңе лайықты жағдай жасау үшін барлық шаралар жасалды. Сол фондқа және барлық ат салысқан әріптестерімізге алғысым шексіз.
РСК: Жаңа бөлімше 30 мыңнан астам азамат тұратын жақын маңдағы елді мекендерде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Айта кетейік, 2024 жылдың желтоқсан айында құтқарушылар мен медициналық персонал құрамы апат болған жерге 8 рет шығып, зардап шеккен 8 адамға көмек көрсетті.
СНХ: САМАТ БАПИШЕВ БҰЛАНДЫ АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Сондай-ақ, «Қазақстанның құтқарушылар қорының» қаржылық қолдауы арқасында жөндеумен қатар жеке құрамға қолайлы жағдайлар да жасалды. Жаңа киім-кешек берілді, техника толық жаңартылды. Бұл жоғары өтімді өрт сөндіру көліктері, «ТРЭКОЛ» техникасы, сондай-ақ, құтқару жабдықтары бар, Hilux көлігі. Жеке құрамның қолайлы жағдайына ерекше назар аударылды. Ол демалыс бөлмелері, санблоктар, жуыну бөлмелері.
РКС: Өрт сөндірушілер мен дәрігерлердің функцияларын біріктіру құтқару қызметтерінің тиімділігін едәуір арттырады. Министр Шыңғыс Әрінов осындай жаңғырту жұмыстары басқа аудандарда да жүргізілетінін атап өтті. Бұл төтенше жағдайлардың салдарын жойып және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕН, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.