ДИКТОР: Ақмолалық диқандарға көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына дайындық жүргізуге қаржы бөлу жалғасуда. «Кең дала-2» мемлекеттік қолдау бағдарламасы бойынша аграрилер жеңілдетілген несиеге қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарды сатып ала алады. Бұл бағдарлама елімізде өткен жылы бастау алып, алғаш рет қаржыландырылған болатын.

РКС: Жарқайың ауданындағы «Саян» шаруа қожалығы егін шаруашылығымен айналысады. Негізінен "Торғай" бидайын өсіреді. Сонымен қатар, арпа мен мал азығына қажет дақылдар да егеді. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлерінен жеңілдетілген несие бағдарламасы жайлы біліп, өтініш білдіреді. Несиені өтеу кестесі мен проценттік мөлшерлемесі көңілінен шыққанын айтады.

СНХ: НҰРТАЙ АЛИН, «САЯН» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ: Құжаттар жинап, кепілге қоятын мүлікті рәсімдеп, жыл соңында "Көкше" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына келдік. Биыл келісім-шартқа отырып, құжаттарға қол қойдық. Несиені өтеудің бірінші траншы - 15-ші қараша. Ол қаражатқа техникаға қажет құрал-саймандар, жанар-жағар май мен тұқым қорын, гербицид, химикаттарды сатып аламыз.

РКС: «Кең дала-2» бағдарламасы шаруаларға айналымдағы қаражатын толықтыруға мүмкіндік береді. "КӨКШЕ" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы биыл ақмолалық диқандарға 32 млрд. теңге несие бермек. Қаржының бірінші траншы түскен.

СНХ: ДИНА АХМЕТЖАНОВА, «KOKSHE» ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ: "Кең дала-2" бағдарламасы несімен ерекше? Бұл жерде "Даму" 85 процент кепілдік береді. Ал қалған 15 проценті негізгі кепіл. Жылдық 5 процентпен беріледі. Бұл қаражатқа диқандар алдын-ала көктемгі дала жұмыстарына қажет жанар-жағармайды, минералды тынайтқыштарды, тұқым мен басқа да қажет құралдарды ала алады. Ертерек сатып алатын болса әрине бағасы тиімді болады.

РКС: Қазірдің өзінде 70-ке жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жалпы сомасы 27 млрд теңгеге өтініш берген. Несие комитеті өтініш берушілердің құжаттарын рәсімдеуді жалғастыруда. Шаруаларды қолдау маусымдық дала жұмыстарына уақытылы әрі тиянақты дайындалуға мүмкіндік береді.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.