ДИКТОР: Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Батырхан Әлімнің «Мөлдір мұң» атты кітабының таныстырылымы өтті. Айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек жастайынан бірге өскен жақын досының қойын дәптеріндегі өлеңдер мен әңгімелер жинағын топтастырып жарыққа шығарды.

РКС: Батырхан Нұрғалиұлы Әлім 1964 жылы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айымжан ауылында дүниеге келген. Ана мен әкеге сағыныш, махаббат, Отанға деген сүйіспеншілік тақырыптарына жазған өлеңдері бар. Ол жастайынан оқуда озат, өзі алғырлығымен дос-жарандарының алды болды. 20 жасында өмірден озған. Кластас досы туралы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек естелігімен бөлісті.

СНХ:ҚҰДАЙБЕРЛІ МЫРЗАБЕК, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, АЙТЫСКЕР АҚЫН: Батырхан сол жас кезінен өзінің алғырлығымен, белсенділігімен танылды. Сан қырлы өзінің болмысымен сүйсіндіретін. Спорт жағына да әдебиет жағына да кез келген мектеп пәндерінде жүйрік, озат оқушылардың бірі болды. Сол мектепте жүріп қабырға газеті сол кездегі, сол мектептептің қабырға газетін шығарып, соған жетекшілік жасап жүрді, бірге газет шығаратынбыз. Өкініштісі сол 1983 жылы әскерге аттанып, Украина жерінде әскерде жүріп, жұмбақ жағдайда қаза тауып, осы Көкшетауға жерленді. Соған дейін айналасы 5 жылдың ішінде жазылған өлеңдерінен биылғы жылы сол мұраларын жинақтап, достары, ағайындары, қарындасы бар, солардың ат салысуымен баспадан «Мөлдір мұң» деген атпен кітабы жарық көрді.

РКС: Жаңа кітаптың таныстырылымына зиялы қауым өкілдері мен Батырхан Әлімнің жақын туыстары, бірге оқыған сыныптастары жиналып, оның өмірбаяны мен шығармашылығын еске алды.

СНХ:АРМАН СӘБИТБЕКҰЛЫ, БАТЫРХАН ӘЛІМНІҢ ДОСЫ: Оның осы жас кезінде өзінің 20 жас ғұмырының жастық шағында жазған өлеңдерін жинақтап, «Мөлдір Мұң» деген атпен басып кітап болып бастырып шығарған екен. Сондықтан сол Батырханның жарқын бейнесін жазған өлеңдерін сол кезге қайта оралғандай күй кешіп отырмыз. Сондықтан да мына бүгінгі күні жалпы Көкше халқына таныстырылып Батырханның есімі тағы бір аталып осы Көкшенің ақындары мен жазушылары қатарына қосылып жатқанына біз қуаныштымыз.

РКС: «Мөлдір мұң» атты кітаптың бірнеше данасын Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына, қалалық кітапхана мен мұражайларға табысталды. Сондай-ақ Батырхан Әлім оқыған Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 мамандандырылған мектеп-интернатының кітапханасына да берілді. Бұл білім ошағының сөресін толықтырып, балалардың рухани қазынасын молайта түспек. Кезінде өзі білім алған мектеп-интернаттың оқушылары ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.

ИНТЕРШУМ:

САБИНА ЖАМШИТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ