ДИКТОР: Өткен жылдың 1-ші желтоқсаны мен 31-і аралығында өңір аумағында республикалық профилактикалық "Өрт қауіпсіздігі айлығы" өтті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жаңа жылдық іс-шараларды өткізу орындарында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 160-қа жуық деректі анықтады. Кәсіпкерлер ескертулерге құлақ асып, кемшіліктерді түзеді.

РКС: Рұқсат етілмеген жерлерде пиротехника сатуға қатысты 160 рейд жүргізілді. 80 әкімшілік хаттама жасалды. Тауарларды заңсыз сатқандарға айыппұл салынады. Оның жалпы сомасы 3 млн. 700 мың теңге шамасында. "Өрт қауіпсіздігі айлығы" облыстың барлық өңірінде өтті. Ондағы басты мақсат – жылу беру маусымы мен жаңа жылдық мерекелердің апатсыз өтуін қамтамасыз ету.

СНХ: ДОСБОЛ ЖАҚСЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Халықтың әлеуметтік осал топтарының отбасыларына, сондай-ақ бұрын өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы анықталған азаматтардың тұрғын үйлерін қайта тексерілді. Автономды жылыту жүйесі орнатылған 39 мыңға жуық жеке тұрғын үйде профилактикалық жұмыс жүргізілді. 100 мыңға жуық адам қамтылды. 3 мыңнан астам адамды қамти отырып, 178 жиын өткізілді.

РКС: Көппәтерлі тұрғын үйлердің аумағынан 30-ға жуық бетон блоктары алынып тасталды. Ол арнайы техниканың өтуіне кедергі келтіретіні сөзсіз. Сонымен қатар, жылу беру кезеңінде жекеменшік үйлерге орнатылған арнайы дабылқаққыштар өрттің алдын алуға зор көмек болып отыр.

СНХ: ДОСБОЛ ЖАҚСЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Айлық кезеңінде 500-ге жуық датчик орнатылды. 800-ден астам жылыту пештерінің мұржасы тазартылды. Бұдан бөлек, тұрғын үй қорын қайта аралау кезінде бұрын орнатылған датчиктердің жарамдылығы тексерілді. Істен шыққандары ауыстырылды.

РКС: Құтқарушылар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салады. Тұрғындардың телефондарына жылыту пеші мен электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға қатысты хабарламалар жіберілді.

ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.