ДИКТОР: Облыстың кей аумағында алдағы үш күнде жел күшейіп, қар аралас жаңбыр жауады. Соңы көктайғаққа ұласуы мүмкін. Ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жариялануы да ықтимал.

РКС: Облыс аумағында орын алған ылғалды, жылы циклон біртіндеп шығысқа қарай жылжыды. Алдағы үш күнде кей жерлерде желдің екпіні күшейеді. Секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Ауа температурасы түнде 3-8, күндіз 0-5 градус шамасында болмақ.

СНХ:ЛАРИСА ГОНЧАРОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ: Қаңтардың 7-сі мен 8-і аралығында Солтүстік циклонның әсерінен күн күрт суытып, облыстың басым бөлігінде қар жауады деген болжам бар. Кей жерлерде жел күшейіп, тұман түседі. Бұрқасын жүреді. Ауа температурасы түнде 7-12 градустан 15-20 градусқа дейін аяз болады. Күндіз сынап бағанасы 2-7 градустан біртіндеп 12-17 градусқа дейін төмендейді.

РКС:Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өз кезегінде ауа райының қолайсыздығы туындаған кезде тұрғындарды смс-хабарламаға назар аударып, алыс сапардан бас тартуды ұсынады. Айта кетейік, ұзақ жолға шықпас бұрын 1403, құтқару қызметінің «112» телефон нөміріне хабарласып алған абзал. Немесе «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы жол қозғалысындағы шектеулерге қатысты ақпарат алуға да болады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ