ДИКТОР: Жаңа жыл мерекесі күндері төтенше жағдайлар қызметі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет атқарған. Жаңа жыл түні төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 5 рет өрт оқиғасына қатысты дабылға орай шұғыл шақыртуға шықты. Сонымен қатар 1 рет өрттің тұтануына қатысты да ақпарат келген. Естеріңізге сала кетейік, өткен демалыс күндері Біржан сал ауданында республикалық автожолының учаскесінде жаппай жол-көлік оқиға орын алған еді.
РКС: Қаңтардың 3-і күні сағат 13:30 шамасында Біржан сал ауданының Қоғам мен Қаратал ауылдарының арасындағы автожолы учаскесінде 95-ке жуық көлік ауа райының нашарлап кетуіне байланысты соқтығысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің қашықтық пен жылдамдық режимін сақтамауынан орын алған.
СНХ: НҰРЛАН ХАДЖИМҰРАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: Осындай жағдайға тап болған азаматтарды құтқаруға Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары оқиға орнына жетті. Оларға Астана қаласының құтқарушылары да қосылды. Жұмыстарға «Қазавтожол» Акционерлік Қоғамының өкілдері, төтенше жағдайлар мен жол полициясының жеке құрамы, оның ішінде 50-ге жуық төтенше жағдайлар қызметкері жұмылдырылды.
РКС: Полиция мен төтенше жағдайлар қызметкерлері көліктерді эвакуациялау мен жол қозғалысын реттеуге қатысты жедел шаралар ұйымдастырды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 277 жылыту пункттері жұмыс істеді. Барлығы 118 адам, оның ішінде 42 бала эвакуацияланды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 20 адам, оның ішінде сегіз бала зардап шекті. Мереке күндері төтенше жағдайлар департаменті күшейтілген режимде жұмыс істегенін атап өткен жөн. Жеке құрамның 300 адамы және 60-тан астам техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, Жаңа жыл түні 1500-ге жуық полиция қызметкері ақмолалықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Тәртіп сақшылары 400-ден астам қоңырауға жедел жауап берді. Полиция қызметкерлерінің қырағылығының және патрульдердің күшейтілген жасақтарының арқасында Жаңа жыл түні ешқандай ұрлық-қарлық жасалған жоқ. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасы да тіркелген жоқ.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.