ДИКТОР: Жаңа жылдың қамымен көңіл көтерем деп жүріп заң алдында жауап беруге тура келмесін. Құқық қорғау органының қызметкерлері тұрғындарға осындай үндеу жариялап отыр. Қашан да заң мен тәртіпке бағынған абзал. Осы күндері облыстың барлық аумағында құқық тәртібі қызметінің бәрінде жұмыс қыза түскен. Өйткені, мерекенің тыныш әрі қауіпсіз өткені маңызды.

РКС: Кез келген мереке қарсаңында аймақта қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Патрульдік полиция тәулік бойы тынымсыз жұмыс режиміне көшеді. Бұл шаралар қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу үшін қажет. Адамдардың көп шоғырланған жеріне ерекше назар аударылмақ. Оның қатарында орталық алаң мен көңіл көтеру орындары бар.

СНХ: ЕРБОЛАТ ХУСАИНОВ – ОБЛЫСТЫҚ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мереке күндері тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істейді. Сондықтан полиция департаменті жеке құрамының 1,5 мың қызметкері сапта болады. Олар негізінен қоғамдық орындарда, көңіл көтеру орындарында, азаматтардың жаппай мерекелейтін жерлерінде кезекшілік атқарады. Көшеде, қоғамдық орындарда келеңсіздіктер орын алуы мүмкін жерлерде тәртіпті қамтамасыз етуді басты назарда ұстайды. Тыныштықты бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. 5-тен 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.

РКС: Жауапсыз сатушыдан сатып алған сапасыз пиротехникалық бұйымдар көп ретте қайғылы оқиғаға тікелей себепкер болып жатады. Айта кету керек, аталған өнімді заңсыз сатқандар 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалайды. Аулаларда, ашық алаңдарда отшашуларды пайдаланған кезде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған жөн,-дейді мамандар.

СНХ: ТАЛҒАТ ҚҰРМАНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТТІК ҚАРУ АЙНАЛЫМЫН БАҚЫЛАУ ТОБЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Пиротехникалық өнімдерді тек оны сатуға рұқсат етілген лицензиясы бар сауда орындарынан ғана алу қажет. Өйткені, мереке кезінде адам өмірі мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету әрі қайғылы оқиғалардың алдын алу маңызды екенін тағыда ескерткім келеді.

РКС: Мереке күндері жедел желі жұмыс істейді. Аймақ тұрғындары кез келген оқыс оқиға мен келеңсіздіктер туралы бірден хабарлай алады. Азаматтар бірден 102, 112 және 101 телефонына шұғыл түрде хабарласа алады. Жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі мен апатты-құтқару бригадалары да жоғары дайындық режимінде жұмыс істейді.

САБИНА ЖАМШИТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ