ДИКТОР: Ауыл шаруашылығы – экономиканың маңызды саласы. Еліміздегі агрокешен саласының дамуы азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық деңгейін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіптік кешеннің зор әлеуетін пайдалана отырып, нақты серпіліске қол жеткізуді жүктеді. Осы бағытта облыста бірқатар жоба қолға алынып, оң нәтижелерге қол жеткізілді.

РКС: Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі 1,5 есеге, яғни 828 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Соңғы 10 жылда биыл Ақмола өңірі астықтың рекордтық өнімін жинады. Бұл көктемгі егіс пен орақ жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізу және қазіргі заманғы технология енгізудің арқасында нәтижелі болды. Облыс бойынша «Журавлевка-1», «Максимовская», «Дихан плюс» және өзге де бірқатар шаруашылықта өнімнің шығымдылығы гектарына 60 центнерден айналды.

СНХ:МАРАТ САУЫТОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Биыл 4,7 миллион гектар алқапқа дән сіңірілді. 6,6 млн тонна астық жиналды. Орташа гектар шығымдылығы 14 центнерден айналды. Бүгінде облыстың астық қабылдау кәсіпорындарына 3,3 млн. тонна астық түсті. Оның 77 процентке жуығы бидай. Элеваторлар мен астық сақтау қоймаларында орын тапшылығы жоқ.

РКС:Ауыл шаруашылығы саласына қажетті техникалық база да жаңғыртылды. Дала жұмыстарына соңғы үлгідегі 16 мың техника жұмылдырылды. Жыл сайын ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары да артып келеді. Өңірде агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға шамамен 134,2 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 46,5 млрд. толық игерілген субсидия. Ішкі нарықта астықты сатып-алу бағасының тұрақтылығын сақтау мақсатында Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы тікелей сатып алу бағдарламасын бастады. Бүгінде бұл бағдарлама аясында 44 мың тонна астыққа 176 өтінім келіп түсті. 3,1 млрд теңге қаржы қарастырылған. Сондай-ақ жыл басынан бері алыс және жақын шетелдерге 2,6 млн. тонна астық экспортқа шығарылды. Мал шаруашылығында да тың серпіліс бар. Биыл құс етін өндіру 30 процентке артып, бұл көрсеткіш 125 мың тоннаға жетті. Бір жылда 700 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.

СНХ: УӘЛИХАН ЕСКЕНДІРОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Ақмола облысында ет өңдеумен айналысатын 16 кәсіпорын бар. Жылына 130 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ жылына 149 мың тонна сүт өндіретін 15 кәсіпорын бар. 1 миллион тонна қуаттылығы бар ұн тартатын 29 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Майлы дақылдарды қайта өңдейтін 8 кәсіпорын бар. Олар жылына 138 мың тонна майлы дақылды өңдей алады. 11 айда 228,6 млрд.теңгенің азық-түлік өнімі өндірілді.

РКС: 6 мың бас ірі қара малға арналған ірі 7 сүт-тауар фермасы салынбақ. Соның арқасында сүт өндірісін 1,5 есеге арттырылмақ. Ет пен сүтті өңдеуден Ақмола өңірі еліміз бойынша екінші орында. Мемлекеттің жан-жақты қолдау шараларының арқасында өтіп бара жатқан жыл облыстың ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты болды. Шамамен оған 140 млрд. теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мамандарының да еңбегі зор. Бүгінде өңірдің ауыл шаруашылығы саласында 100 мыңға жуық адам еңбек етуде.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ