ДИКТОР: Биыл бюджеттен облыс полицейлеріне тұрғын үй төлемдеріне 1,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл жұмыс Үкіметтің қаулысына сәйкес 2021 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бірінші болып баспана саптық бөлімшелер, учаскелік полиция инспекторлары, жедел-тергеу бөлімшелері алды.
РКС: Полиция департаменті халыққа қызмет көрсетудің сапасын жақсарту мен жеделдігін арттыру үшін материалдық-техникалық базаны нығайтуда. 2024 жылы облыстық және республикалық бюджеттен 56 жаңа көлік сатып алынды. Сонымен қатар өңірдің полицейлері киім-кешекпен толық қамтамасыз етілген.
СНХ: БАЛҒАБЕК МУСТАФИН, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЫЛДЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 2021 жылдан бастап жалпы полиция, полицияның киім-кешегі жаңа үлгіге көшті. Президентіміздің жарлығымен, ішкі істер министрілігінің бұйрығымен жаңа киім кию үлгісіне көштік. Бүгінгі таңда ақмола облысының Департаментінде киім-кешекпен сырттағы, далада қызмет атқаратын қызметкерлер, олар жаңағы учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция қызметкерлері, осы қызметкерлер жүз пайыз киім-кешекпен қамтамасыз етіліп отыр.
РКС: Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасы бойынша 2024 жыл кадрлық әлеует жылы болып жарияланған еді. Алға қойылған міндеттерінің бірі ардагерлерді тәлімгер ретінде жеке құраммен жұмысқа тарту. Облыстық полиция департаменті бос лауазымдарын толықтыруға көп көңіл бөлді.
СНХ: БАҚЫТЖАН ЕРАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Осы жұмыс барысында биыл ішкі істер органдарына 200-ге жуық үміткер қабылдадық. Ішкі істер министрлігі жүйесінің жоғары оқу орындары бар. Бұл Қарағанды академиясы, Ішкі Істер Министрлігінің Алматы академиясы, Қостанай академиясы. Қаңтар айында Қарағанды академиясынан бізге лейтенант атағында, арнайы жоғары заңгерлік білімі бар 11-ге жуық түлек келеді. Осындай жұмыс тұрақты негізде жүргізілуде.
РКС: Уақытпен санаспай, тәулік бойы қызмет сапында жүрген тәртіп сақшыларының тұрмыстық жағдайы дұрыс болса, қалтқысыз қызмет етуге олар қашан да дайын. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында облыс бойынша қылмыстың барлық түрі бойынша көрсеткіш біршама төмендеген. Мал ұрлығы фактілері 54 процентке айтарлықтай төмендеген. Былтыр осы санатта 79 қылмыс тіркелсе, биыл 37 фактісі анықталған. Мал ұрлағаны үшін 25 қылмыскер ұсталды, қылмыстық 3 топтың әрекеті әшкереленді. Өңірдегі барлық мектеп толығымен бейнебақылау камераларымен жарақтандырылды. 524 білім беру мекемесінде «дабыл түймелері» орнатылды, оның ішінде 515-і жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдерге таратылады. Сонымен қатар 11 айда қызметтік иттердің көмегімен 287 қылмыс ашылды. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлерімен бірлесіп, қызметтік иттері 42 арнайы операцияға қатысты. Биыл олардың саны толықтырылмады, 2025 жылы екеуін сатып алу жоспарланған.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.